nauryzbekova almaraНаурызбекова Альмара Еркінқызы 1970 жылы 20 сәуірде Жамбыл қаласында дүниеге келген. Жамбыл жеңіл және тамақ технологиялық институтын 1991 жылы «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін талдау» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жамбыл қаласының қаржы басқармасында экономист қызметінен бастады.

1996 жылдан қазіргі таңға дейін А.Наурызбекова үзбей еңбек етіп, оқытушы, аға оқытушы, кафедра доценті, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің магистратура секторы және Ph.D докторлық бағдарламалары бөлімінің меңгерушісі, «Тараз университеті» баспасөз директоры, тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор қызметтерін атқарды.

А.Е.Наурызбекова 2003 жылы «Аймақтық жағдайда шағын кәсіпкерліктің дамуының ерекшелігі мен беталысы» тақырыбындағы экономикалық теория - 08.00.01. мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нде кандидаттық диссертация қорғады. Халықаралық, республикалық және аймақтық ғылыми баспаларда оның 30-дан астам мақаласы жарияланды. 1 монография мен 3 оқу-әдістемелік құралдың авторы. 2006 жылы ЕЕRC экономикалық зерттеулер мен білім консорциумы (Москва қаласы) грантының иегері және ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар 2003-2010 жылдары Наурызбекова А.Е. «ТарМУ жаршысы» ғылыми журналының ғылыми-техникалық редакторы болып жұмыс атқарды. Ғылыми қызығушылық саласы – аймақтық деңгейдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, жемқорлықтың экономикалық табиғаты және оның әлеуметтік-экономикалық зардаптары.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 2010-2018 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор А.Е.Наурызбекованың жетекшілігімен кураторлық институттың рөлінің артуы, кураторлар мектебін құру, 12-ден астам студенттік-жастар бірлестіктері мен Студенттік құрылыс жасақтарының қызметін ұйымдастыру мен жаңғырту және жастар арасында құқықбұзушылық пен діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары күшейтілді.

А.Е.Наурызбекованың патриоттық тәрбиеге және бірінші кезекте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың барлық бастамаларын жүзеге асыру, қолдау үшін бағытталған көптеген студенттердің қатысуын ұйымдастыруды қажет ететін қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды (флеш-мобтар, фестивальдер, митингтер, парадтар, кростар, концерттер, марафондар және т.б.) өткізу, үлестіру бойынша жұмыстары ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Абдықалықова, Ресейдегі Қазақстанның Елшісі И.Тасмағамбетов, Жамбыл облысы әкімі К.Көкрекбаев, Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары, облыстың құрметті азаматтары, ардагерлері және басшылары тарапынан жоғары бағаланып, студент жастардың да қолдауына ие болды.

Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор қызметін атқару барысында А.Наурызбекованың бастамасымен қоғамдық мамандықтар факультетін Дулати университеті шығармашылық орталығы ретінде қайта қалыптастырып, 400-ден астам студенттер қатысатын өнердің әртүрлі жанрында көркем өнерпаздық шығармашылық студенттік ұжымдар - «Арай», «Асылай», «Гаухартас», «Карахан», «Асадаль», «Калинка», «Тұран» би ансамбльдері, «TarSU.kz» заманауи би тобы, «Универ» вокалды-инструменталдық ансамблі, халық аспаптар оркестрі, сән студиясы құрылды. Сонымен қатар университеттің киім қоймасының базасы толықтырылып, қазіргі таңда 2000 бірлікке жуық сахналық костюмдерді құрайды. Дулати университеті шығармашылық орталығының жоғары шеберлікпен, сапалы дайындаған сахналық үлгідегі киімдері бүкіл республикаға өзгешелігі, әдемілігімен танылып, сұранысқа ие болған костюмдер сахна төрінде көрермендердің эстетикалық талғамдарынан шығып, әрдайым қызығушылығын тудырады. Шығармашылық студияларда дәріс алатын студенттер көптеген байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жеңіске жетіп, жүлделі орындарды иеленуде.

Наурызбекова А.Е. Қазақ Хандығының 550-жылдығын мерекелеу, Азиаданың Эстафета Алауы, Қысқы Универсиада және де басқа іс-шараларды ұйымдастыруға қосқан қомақты үлесі мен тәрбие саласындағы ерең еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, М.Х.Дулати медалі және т.б. алғыс хаттармен марапатталды.

А.Е.Наурызбекова «Нұр Отан» ХДП құрамында және 2008-2013 жылдар аралығында «Нұр Отан» ХДП Тараз қаласы филиалының Саяси кеңесінің және Жамбыл облысының саясаткер әйелдері клубы мүшесі, сонымен қатар «Айша» журналының бас редакторы болып қоғамдық жұмыс атқарды. Наурызбекова А.Е. 2010 жылы «Әйелдер ғылымда және саясатта» қоғамдық бірлестігін құрып, ҚР гендерлік саясатын түсіндіру, іске асыру бойынша жобаларды жүзеге асыруға атсалысты. Гендерлік саясатты дамыту бағытындағы оның басшылығымен жүргізілген жұмыстары «Қанатты әйел-2011» республикалық фестивалінде бірінші орынды иеленді.

А.Е.Наурызбекованың атқарған белсенді қоғамдық жұмысы Жамбыл облысы әкімдігі, Жамбыл облысы жастар саясаты басқармасы, Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасы, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Құрылыс басқармасы, «Жасыл Ел» облыстық штабы, Жамбыл облыстық соты, Ішкі істер департаменті және басқа көптеген ұйымдардың марапаттары, дипломдары, грамоталары және алғыс хаттарымен дәлелденеді.