ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖӘНЕ САПАЛЫ КАДРЛАР ДАЯРЛАУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жоғары білім және сапалы кадрлар даярлаудың өзекті мәселелері» тақырыбы аясында брифинг өтті. Жиын барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті басқарма Төрағасы – Ректорының міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлы білім беру бағдарламаларындағы оң өзгерістермен және тың жаңалықтармен бөлісті.

Ержан Әмірбекұлы қазіргі таңда білім беру бағдарламаларын негізгі білім берумен қатар қосымша икемді құзыреттіліктерді беру бағытын назардан тыс қалдырып отырған жоқтығын айтты. Мәселен, кез келген маманның бойында тіл құзыреттілігі, коммуникациялық құзыреттілік, топта жұмыс  жасау  бүгінгі күннің негізгі мәселесіне айналып отырғаны анық. Сондықтан бұл құзыреттіліктерді білім беру бағдарламаларының жұмыс жоспарына енгізгендігін тілге тиек етті.

Дулати университеті академиялық саясаты кадрларды даярлауда жүйелі тәсілді іске асырып, даму басымдықтарын өзгерістерге, инновацияларға және тәжірибеге бағдарлануға негізделген.

Білім беру қызметінің сапасын арттыру шеңберінде білім беру бағдарламаларының қоғам сұранысына сай дайындалуы басты фактор екендігі анық. Университетте бас-аяғы 230-ға жуық ББ бойынша маман даярланады. Соңғы деректерге сәйкес, бүгінгі таңда 36 бағдарлама университет өтініші негізінде реестр тізімінен сызылды (сұраныстың төмендігіне байланысты).

Өңірлік мәселелерді шешуде университет ғылыми зерттеулер мен қажетті ресурстарға аса ден қойып отыр. Университетте инновациялық құзыреттер мен кәсіпкерлік дағдыларды арттыру бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда.

Университеттің академиялық дербестігін кеңейту мақсатында өзіндік үлгідегі құжаттарды әзірлеу және цифрлық трансформацияны жүйелі жүргізу қолға алынды. Бұл жаңа тұрпатты кәсіби маман тәрбиелеу аса қажетті элементтердің бірі.

Сондай – ақ, университетте түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесіне де үлкен басымдық беріледі. 2020 жылы жұмысқа орналастыру көрсеткіші орташа есеппен 77% - ды құрады. Бұл ретте университет барлық түлектің өңір талап ететін мамандықты игеріп, жұмыспен қамтылуына мүдделі.

Дулати Университетінде 16766 білімгер оқиды. Оның ішінде халықаралық ынтымақтастық аясында сегіз елден келген 1841 шетелдік студент білім алуда. 648 адам магистратурада, 48 адам докторантурада оқиды.

Сонымен қатар Ержан Әмірбекұлы осы жылдың қыркүйек айынан бастап профессор-оқытушылардың еңбек ақысының көтерілетінін айтты. Сонымен ең төменгі еңбекақы мөлшері 200 мың тг құраса, ал профессор оқытушылардың еңбекақысы 350 мыңнан кем болмайтынын және  педагогикалық жүктеме 680 сағаттан аспайтындығы нақтыланды. Бұл жағдай оқытушылардың өз бетінше сабаққа дайындалуларына, ғылыммен айналасуына, біліктіліктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Оқытудың заманауи әдістерін қолдану үшін университеттің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді. Замануи үлгідегі оқу ғимараттарында қажетті ресурстар, оқу зертханалары, жатақханалар, медициналық пункттер, спорттық кешендер белсенді жұмыс атқарады.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында университетте инновациялық әлеуметтік жобалар, зияткерлік және шығармашылық байқаулар, дәстүрлі және виртуалды көрмелер жүргізіліп келеді.

Сындарлы қоғам – тұрақты, сапалы білім беру жүйесіне мүдделі екендігі сөзсіз. Сондықтан, DULATY университеті жан-жақты  перспективаларды жатсынбай қабылдайды және өзінің функционалды міндеттерін сауатты жүзеге асырады!

Мейрамкуль Дүйсенова
«Журналистика» мамандығының
3-курс студенті

Прочитано 1066 раз
Top