ӘМІРБЕКҰЛЫ ЕРЖАН

Әмірбекұлы Ержан – экономика ғылымдарының докторы, профессор.

1998 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін үздік бітірген. Еңбек жолын осы аталған университетте оқытушы ретінде бастаған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасына оқуға түсті.

2004 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап бітіргеннен кейін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіне оқытушы қызметіне жұмысқа қабылданды. Осы уақыт аралығында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды.

2010 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Докторлық диссертациясын қорғап болған соң, Қазақ-Британ техникалық университетіне профессор лауазымына шақырылды.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының басқарма басшысы лауазымына тағайындалды.

2015 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне Халықаралық бизнес мектебінің директоры болып, кейін университеттің академиялық қызмет және ғылым жөніндегі проректоры болып тағайындалды.

Ғылыми-педагогикалық қызметі барысында 100-ден аса әдістемелік, ғылыми бағыттағы жұмыстары жарияланды, оның ішінде 10 басылым Scopus, Thomson Reuters, Web of Science базасына жататын нөлдік емес импакт-факторлы халықаралық журналдарында жарық көрген. 5 оқулық пен оқу құралдары, 2 монографиясы шыққан.

Кәсіби біліктілігін дамытумен белсенді түрде айналысады, жоғары білім жүйесінде халықаралық тәжірибесі бар, Оңтүстік Кореяда (Woosong University), Малайзияда (Malaysia Institute for supply chain innovation), Испанияда (European University ) жоғары білім жүйесін басқару және жетілдіру мәселелері бойынша тағылымдамадан өткен.

Ғылыми-педагогикалық қызметінің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі алқа мәжілісінің шешімімен «2011 жылдың үздік оқытушысы» атағына ие болған.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрінің алғыс хатымен марапатталды. ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан  еңбегі үшін» арнайы төс белгісін иеленген.