ЗЕРТХАНАНЫҢ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

12 сәуір – Ғылым қызметкері күні кәсіби мерекесіне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Ә.С.Ахметов атындағы Наноинженерлік зерттеу әдістері» инженерлік бейінді ғылыми-зерттеу зертханасының ашық есік күні өткізілді. Жиында университеттің басшылық құрамының, «Ұстаз» институты оқытушыларының, бөлім қызметкерлерінің, сонымен қатар зертхананың өндірістік серіктестерінің қатысуымен өтті.

 Зертхана меңгерушісі, т.ғ.д.,профессор И.И.Бекбасаровтың баяндауында қонақтар алдымен зертхананың құрылуы, негізгі мақсаттары, зерттеу бағыттары, орындалып жатқан ғылыми жобалары туралы мәліметпен қанықты. Содан соң қатысушылар зертхананың зерттеу жұмыстарымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Ғылыми-зерттеулер барысында пайдаланылатын шетелдік құрал-жабдықтар мен қондырғылар, олардың көмегімен алынған зерттеу жұмыстарының нәтижелері қатысушылар назарына ұсынылды.

Іс-шара аясында ұйымдастырылған зерттеу нәтижелерінің көрмесі қонақтардың қызығушылығын арттырды. Көрмеде тамақ инженериясы, химиялық технологиялар және геотехникалық құрылыс бағыттары бойынша зертханада орындалған зерттеу нәтижелері ұсынылған болатын. Тамақ инженериясы бағыты бойынша нан және кондитер өнімдерінің үлгілері – жеміс езбелері қосылған булочкалар, тарралини, гранолалар, мармеладтар, желелі өнімдер көрсетілді. Оларды зертхананың аға ғылыми қызметкері Н.В. Иванникова таныстырды. Сонымен қатар, көрмеде қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындары – қымыз, ашымық, боза, құрт, сүзбе, ірімшік өнімдері қойылды. Олардың ерекшеліктері жайлы зертхана маманы Ш.Ж. Өмірбаева таныстырып өтті. Аталған тамақ өнімдерінің басты ерекшелігі – барлығы зертхана мамандарының әзірлеген рецептуралары мен технологиялық тәсілдері бойынша дайындалған.

Іс-шара барысында зертхананың тұрақты өндірістік серіктесі болып табылатын «Заң» ЖШС-нің директоры, Дулати университетінің Құрметті профессоры Дүйсенбек Ыбыналиев баяндама жасады. Д.Ыбыналиев бірлескен ғылыми зерттеулер бойынша атқарылған жұмыстар мен алынған нәтижелер жөнінде қатысушыларға құнды ақпарат берді. Жылқы өсірумен және қымыз өндірісімен айналысатын «Заң» ЖШС-і зертхана ғалымдарымен бірлесіп дайындалған технология бойынша өндірілетін «Хан қымыз» атты қымыз өнімін таныстырды. Қымызды насихаттау және оны тұтыну қажеттілігін арттыру бойынша осы кезеңге дейін орындалған кең көлемді зерттеу жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Қымызбен қатар, одан өндірілген құрғатылған қымыз ұнтақтары, жасалған таблеткалар, сонымен қатар табиғи бие сүті негізінде түрлі дақылдар (сұлы, күріш, қарақұмық) ұнтақтарымен байытылған балалар тағамы да ұсынылды.

Химия бағыты бойынша орындалған зерттеулер туралы аға ғылыми қызметкер, т.ғ.к., доцент Х.Р. Садиева шолу жасап, фосфор және мұнай өндірісінің қалдықтарын қайда өңдеу, олардан құнды элементтер мен қосылыстар синтездеу жұмыстарымен таныстырды. Зерттеу нәтижелерін егістік алқаптарын залалсыздандыруда, өсімдіктерді тыңайтуда, құс өсіру шаруашылығында пайдалану ерекшеліктерін баяндады.

Геотехникалық құрылыс бағыты бойынша орындалып жатқан жобалар нәтижелері жөнінде қонақтар зертхана инженері Е.И. Атеновтің баяндамасынан хабар алды. Ғимараттар мен құрылымдар іргетастарының құрамында қолданылатын қадалардың зертханада жасалған жаңа конструкциялық үлгілері ерекше қызығушылық тудырды. Мұндай қадалардың модельдерін пайдаланып жүргізілген эксперименттер нәтижелері бойынша PhD докторлық диссертациялар дайындалып жатқандығы айтылды. Зерттеулер негізінде дайындалған конструкциялар сызбалары, қадаларды жобалауға арналған ұсыныстар және өндіріске енгізуге қажетті басқа да құжаттар отандық бірқатар құрылыс және жобалау компанияларына ұсынылған болатын.

Көрмеде осындай өнімдер үлгілерінен бөлек зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша жарияланған мақалалар, монографиялар, өнертабыстарға алынған патенттер, құрылыс саласы бойынша дайындалған республикалық нормативтік құжаттар, дипломдық жұмыстар мен магистерлік диссертациялар, түрлі байқаулар дипломдары мен сертификаттары және т.б. көпшілік назарына ұсынылды.

Зертхананың ғылыми жұмысының нәтижелерімен танысқан қатысушылар университеттің зерттеу базасының деңгейін жоғары бағалап, ұжымға алғыс айтып, жаңа табыстар тіледі.

IMG 20210412 WA0033IMG 20210412 WA0044

Медиа-қызмет

Прочитано 1075 раз
Top