Университет қабырғасында Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының ұйымдастыруымен «Әділетті қоғам: саяси қағидаттар және құндылықтар жүйесі» атты онлайн форматта семинар-тренинг өтті. Тренингке арнайы шақырылған лекторлар мен университеттің студенттері қатысты.
Семинар мақсаты – жастардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттырып, әділеттілік қағидаттарын терең меңгеруге және оларды болашақ кәсіби әрі азаматтық өмірде тиімді қолдануға бағыттау. Жас буынның азаматтық белсенділігін оятып, әділетті қоғам құру жолындағы көзқарастарын қалыптастыру.
Семинар барысында мамандар студенттерге арнайы екі мазмұнды дәріс пен практикалық тренинг дайындады. Алғашқы дәрісті жетекші ғылыми қызметкер Акбота Хамитова оқып, «Әділеттілік тұжырымы: тарихи дәстүрлер және қазіргі заманғы пайымдаулар» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, әділеттілік ұғымының ұлттық мәдениет пен құқықтық санаға негізделетінін кеңінен түсіндірді.
Екінші дәрісте студенттер «Әділетті Қазақстан» саяси бағдарламасының тұжырымдамалық негіздерімен және құндылықтық бағдарларымен танысты. Онда қазіргі кезеңдегі мемлекет дамуының басым бағыттары мен реформалары жан-жақты талқыланды.
Семинар соңында студенттер лекторлармен тікелей байланыс орнатып, еркін форматта пікір алмасты. Білімгерлер әділетті қоғам құрудағы өздерінің жеке рөлдерін терең түсініп, құндылықтар жүйесін нақты мысалдар арқылы талқылады. Сала мамандары студенттерге арнайы сертификаттар табыстап, олардың белсенділігін атап өтті. Өз кезегінде, білімгерлер ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.