Бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Салемов М.Х. Дулати атындағы Тараз университетіндегі қабылдау комиссиясының жұмысымен танысу мақсатында университетке арнайы келді. Жалпы, еліміз бойынша қабылдау комиссиялары жұмысын 13 маусымда бастаған.
Университет әкімшілігі тарапынан қабылдау комиссиясының жұмысы басталған күннен бастап талапкерлерге және олардың ата-аналарына қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда күту залы, кеңес беру бөлімдері жұмыс жасауда. Қабылдау комиссиясы орналасқан ғимараттың алдында арнайы шатырлар құрылып, қосымша орындықтар қойылған.Сонымен қатар, факультеттердің білім беру бағдарламалары, мамандықтар туралы ақпараттық стендтер орнатылған.
Қабылдау нүктелерінде өзге де республикалық жоғары оқу орындарының мамандары кеңес беру үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған.
13 шілдеден бастап жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру грантына өтініш қабылдау ресми түрде басталып, қабылдау комиссиясы құжаттар қабылдау науқанына қарқынды түрде кіріскен.
Құжат қабылдаудың алғашқы күніне бастап-ақ талапкерлер ата-аналарымен қабылдау комиссиясына келіп мамандардан кеңес алып, өтініштерін өткізіп, құжаттарын рәсімдеп жатыр. Барлығы талапқа сәйкес,қабылдау үдерісі кідіріссіз жүргізілуде.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы талапкерлер үшін жасалған қолайлы жағдайларды көріп,қабылдау комиссиясының жұмысымен жақынырақ танысты.Құжат өткізуге келген талапкерлермен және олардың ата-аналарымен тілдесті. Университет басшылығына қабылдау науқанының жұмыстарын жоғарғы деңгейде өткізуіне және талапкерлер мен ата-аналарға сәттілік тіледі.