Астана қаласында әлемдік кітапханашылар қауымдастығының ең ірі кәсіби басқосуына айналған 89-шы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресс – ИФЛА-2025 өтті. Бұл ауқымды шара Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды.
Салтанатты шара ҚР жоғары оқу орындары кітапханаларының қауымдастығы мен «ҚазақТуризм» Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Конгрестің мақсаты — кітапхана және ақпараттық саланың жаһандық даму бағыттарын айқындап, кәсіби тәжірибе алмасу арқылы жаңа идеяларды талқылау.
Ауқымды жиынға әлемнің 114 мемлекетінен 1820-ға жуық маман қатысты. Конгресс барысында 70-тен астам секция жұмыс істеп, онда қатысушылар өз тәжірибелерін ортаға салып, кәсіби пікір алмасты. Халықаралық деңгейдегі беделді сарапшылардың дәрістері, панельдік талқылаулар мен семинарлар кітапханашыларға жаңа білім мен тың серпін берді.
Конгресстің Ұлттық ұйымдастыру комитетіне жетекшілік еткен – Дулати университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры, ҚР ЖОО кітапханалар қауымдастығының президенті Гүлжан Иржанова. Бір жарым жылға созылған дайындық жұмысының нәтижесінде, Қазақстан кітапханашылары халықаралық деңгейде кәсіби қауымдастық ретінде танылды.
Дулати университетінен арнайы делегация қатысып, кәсіби білімін жетілдіріп, халықаралық әріптестермен жаңа байланыстар орнатты. Олардың қатарында бөлім басшылары Нұргүл Кабазова мен Гульсара Бакбердиева, сектор жетекшісі Вячеслав Ращупкин болды. Университет кітапханашылары шетелдік тәжірибені зерттеп, жаңа инновациялық тәсілдермен танысып, алған білімдерін өз жұмысында тиімді қолдануға мүмкіндік алды.
Жиын барысында жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды тиімді қолдану мүмкіндіктері талқыланып, заманауи технологиялардың кітапханаға тигізер әсеріне ерекше назар аударылды. Конгресс кітапханалардың білім мен мәдениетті дамытудағы жаңа миссиясын айқындап, олардың қоғамдағы рөлін қайта қарастыруға мүмкіндік берді.
Конгресс аясында алған білімдері мен тәжірибелері үшін Дулати университетінің делегациясы ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Қатысушылар халықаралық дәрежедегі кәсіби басқосудың жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, мұндай шаралардың кітапхана ісін жаңа белеске көтеруге зор ықпал ететінін жеткізді.