Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасында Атамекен ҰКП бастамасымен Әйелдер кәсіпкерлігінің салааралық кеңесі өтті. Жиынға университетіміздің Ғылым және коммерцияландыру департаменті Коммерцияландыру бөлімінің басшысы Жайдарбек Танаев арнайы шақырылды.
Кеңес барысында облыстың әр ауданына іссапарлар ұйымдастыру, кәсіпкерлермен және кәсіпкер әйелдермен көшпелі кездесулер өткізу үшін ведомствоаралық мобильді топ құру мәселесі талқыланды. Аталған бастама өңір кәсіпкерлігін қолдауға, әйелдер бизнесінің әлеуетін арттыруға, мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжетімділікті кеңейтуге бағытталмақ.
Университеттің бұл үдерістегі рөлі ерекше атап өтілді. Оқу орны кәсіпкерлерге ғылыми және сараптамалық қолдау көрсетіп, заманауи технологиялар мен бизнес-модельдерді ұсынуға дайын. Сонымен қатар, студенттер мен жас ғалымдар үшін тәжірибе алмасу алаңы қалыптасып, олардың инновациялық жобалары өңір кәсіпкерлігімен тікелей ұштасады. Ал ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру жергілікті экономиканың дамуына қосымша серпін бермек. Осылайша, білім мен ғылымды кәсіпкерлікпен ұштастыру Жамбыл облысында бизнестің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.
Кездесу соңында ынтымақтастық нәтижесінде кәсіпкерлер мен білім ордаларының өзара байланысы нығайып, жаңа идеялар мен жобалардың жүзеге асуына жол ашылды.