Версия для печати

ЖАЗУШЫ – ДРАМАТУРГ ЕЛЕН ӘЛІМЖАННЫҢ 80 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

Университет қабырғасында жазушы – драматург Елен Әлімжанның 80 жылдық мерейтойына арналған «Елен Әлімжан шығармаларындағы қазіргі заман бейнесі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, республикалық және облыстық БАҚ басшылары, ақын-жазушылар, филология ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, Жамбыл облысының ардагерлер кеңесі мен билер кеңесінің өкілдері және студенттер қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – жазушы–драматург Елен Әлімжанның шығармашылық мұрасын жан-жақты талқылап, оның қазақ әдебиетіндегі орны мен бүгінгі күнмен үндестігін айқындау. Сонымен қатар, қаламгер еңбектеріндегі қазіргі заман бейнесін ашып көрсету арқылы жас ұрпаққа үлгі боларлық рухани құндылықтарды дәріптеу.

Жиынды модератор, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ ашып, қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталды. Профессор шығармаларының қоғамдық санаға ықпалы мен бүгінгі күнмен сабақтастығын талқылады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор м.а. Аслан Тұрлыбек, Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Қазбекұлының құттықтауын көпшілікке жеткізді. Құттықтау сөзінде жазушы еңбектерінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен қоғамдағы орны ерекше аталып, Елен Әлімжан шығармалары ел тарихы мен руханиятының айнасы әрі ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісі екендігі айтылды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек жазушы шығармаларындағы шынайылық пен өмірлік болмысты тілге тиек етті. Оның айтуынша, Елен Әлімжан оқырманды ойландырып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді де көтере білген. Ал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова қаламгердің драматургия саласындағы еңбектеріне тоқталып, оның поэзия мен прозаны қатар меңгерген ерекше тұлға екенін атап өтті.

Жоғары санатты хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сағындық Ордабеков сөз алып, жазушы шығармаларының адам жанына рухани шипа сыйлайтынын айтты. Ол әдебиет пен медицинаның тоғысар тұстарын мысалға келтіріп, қаламгердің шығармашылық мұрасын жоғары бағалады. Ал, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы ұлттық болмыс пен дәстүр Елен Әлімжанның еңбектерінде көрініс тапқанын атап өтті. Оның пікірінше, қаламгер шығармаларындағы кейіпкерлер – тұтас дәуірдің шежіресі.

Филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев қаламгер мұрасының қазіргі әдебиетте зерттелу жайына тоқталып, жазушының әдеби үрдістегі орнын баса айтты. Ал, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев жазушы драматургиясының сахнадағы ерекшеліктерін атап, пьесаларының көркемдік деңгейі мен театр өнеріндегі маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында Елен Әлімжанның Қазақстанның білім саласына қосқан үлесі, ғылыми еңбектері және шәкірттеріне қалдырған мол мұрасы кеңінен баяндалып, насихатталды. Арнайы келген қонақтар мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, гүл шоқтарын табыстады.

Ал, мерейтой иесі жеткен жетістігі тұлғалық ерекшеліктен өзге, көпшіліктің қолдауының арқасында болғанын айтты. Елен Әлімжан университет басшылығына ерекше алғысын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыратындығына сенім білдірді. 

елен1111

елен2222

елен3333

елен4444

елен5555

елен66666

 

Прочитано 117 раз