Версия для печати

М. ДУЛАТҰЛЫНЫҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында мемлекет және қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай «Міржақып Дулатұлының рухани мұрасы және ұлттық ағартушылық идеялары» атты ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.

Конференция мақсаты – қазақ халқының біртуар перзенті, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының мол рухани мұрасын талдау. Сонымен қатар, ағартушы-ғалымның еңбектеріндегі қазіргі заман бейнесін ашып көрсету арқылы жас ұрпаққа үлгі боларлық рухани құндылықтарды дәріптеу.

Жиынды модератор, Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор м.а. Аслан Тұрлыбек құттықтау сөзбен ашып, ұлт азаттығы жолында құрбан болған халқымыздың асыл перзентінің рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы екенін жеткізді. Қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғалардың тағылымды өмір жолдары мен көрнекті ерен еңбектері ел тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылып қана қоймай, мәдениетіміздің зор, рухани құндылықтарымыздың берік көрінісі екенін сөз етті. Ағартушының ұлттық сананы оятуға бағытталған еңбектері бүгінгі жастарға бағыт-бағдар болатынын ерекше ықыласпен айтты.

Конференция барысында қатысушылар Міржақып Дулатұлының мұрасын әр қырынан қарастыру арқылы түрлі тақырыпта баяндама жасап, тұшымды ойларымен бөлісті.

«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Әлімбай Аманбайұлы сөз алып, «Міржақып Дулатұлы және Бауыржан Момышұлы» тақырыбын кеңінен талдады. Оның айтуынша,  қос тұлғаның елдік пен ерлікті дәріптеудегі үндестігін жеткізіп, олардың идеялары бүгінгі ұрпақ үшін үлкен тағылым екенін баса айтты. Бауыржан Момышұлының әскери ерлігі мен батылдығы, Міржақып Дулатұлының қаламгерлік күресі – екеуін де қазақтың тәуелсіздікке деген ұмтылысының символы екенін баса айтты. Ол қазақ жастары Міржақыптың аманатын жүректе сақтап, ұлт болашағы үшін жауапкершілікпен әрекет етуі тиіс екенін атап өтті.

«Ақ жол» КДП Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова өз баяндамасында «М.Дулатұлы – ұлтжанды қайраткер» тақырыбын көтерді. Ол алаш арысының саяси көзқарастары мен ағартушылық ойларының құндылығын атап өтті. Қоғам қайраткерінің еңбектері халықтың санасын серпілтіп, тәуелсіздікке жетудің рухани негізін қалағанын жеткізді. Ал, «Қазақ тілі және әдебиет» кафедрасының доценті Жазира Абдуалиева «Оян, қазақ» туындысындағы психологиялық қырларды талдап, қоғам қайраткері қарапайым халықтың жан дүниесін дөп басып, олардың бойындағы қорқыныш, үміт пен сенім сезімдерін терең суреттегенін баса айтты. Туынды жастардың бойына жігер мен рух беретінін әрі бұл шығарманың бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

Әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Қаржаубайұлы сөз алып, ағартушының оқу-ағарту ісіне қосқан үлесін және ғалымның ұстаздық жолы қазіргі педагогтар үшін өнегелі мектеп екенін сөз етті. Міржақып Дулатұлының ұлттық ағартушылық идеялары мен рухани мұрасын зерделеу – ел болашағы үшін маңызды міндет екенін жеткізді.

Конференция соңында ұлы тұлғаның шығармашылық және ғылыми мұрасына жан-жақты талдау жасалып, еңбектерін әрі қарай терең зерттеу қажеттіліктері жайлы сөз қозғалды. Қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, еліміздің даму жолындағы қарқынды жұмыстардың жалғасын табатындығымен қорытындыланды.

конф1111

конф2222

 

конф333

 

Прочитано 129 раз