Версия для печати

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Университет қабырғасында ұлы ақын, ағартушы философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған  «Салауатты сана мен мәдениет: ұлттық дәстүрлер мен психологияның ұрпақ тәрбиесіне ықпалы» тақырыбында онлайн және офлайн форматта І Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Конференция мақсаты  –  Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын жаңаша зерделеп, салауатты сана мен мәдениетті қалыптастырудың ұлттық дәстүрлер мен психологиялық ерекшеліктері арқылы ұрпақ тәрбиесіне тигізетін ықпалын айқындау.

Басқосуға Қазақстан және алыс шет елдердің жетекші ғалымдары, мәдениеттанушылар, философтар, БАҚ өкілдері, университтетің профессор – оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Конференцияның салтанатты ашылуында «Дулати жастары» студенттік театры ұлы ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының қара сөздерінен алынған сахналық көрініс ұсынып, шараның рухани мәнін арттырды. Көрініс барысында студенттер Абайдың адамгершілік пен рухани тәрбиеге қатысты ой-толғамдарын көрерменге әсерлі жеткізді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің директорлар кеңесінің төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақтыбай Қасымбеков құттықтау сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, білім мен ғылымның ұлт келешегін айқындайтын негізгі күш екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, университеттің ғылыми әлеуетін арттыру мен жас ғалымдарға қолдау көрсету ісінде мұндай халықаралық конференциялардың тәжірибе мен идея алмасудың тиімді алаңы екенін жеткізді. Ғылым мен ұлттық дәстүрдің сабақтастығы жаңа ойлардың, тың жаңалықтардың бастауына айналатынын тілге тиек етті.

Басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев құттықтау сөз алып, конференцияның ғылыми және рухани маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, Абай Құнанбайұлының мұрасы – ұлттық болмысты танытатын және жас ұрпақтың рухани дамуына бағыт беретін баға жетпес қазына екенін атап өтті. Абайдың қара сөздерінде айтылған парасат пен пайым бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін жеткізді.

Конференция модераторы ретінде «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева жүргізді.  Ол қазіргі қоғамдағы отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің сабақтастығы жайлы сөз қозғады. Жастардың бойына ұлттық сана мен ізгілік қасиеттерді дарытудың маңыздылығын айтып, рухани мәдениет пен психологиялық сауаттылық – ұрпақ тәрбиесінің басты тірегі екенін ерекше ықыласпен жеткізді.

Конференцияға халықаралық және республикалық деңгейдегі танымал зерттеушілер қатысып, өз баяндамаларын онлайн форматта ұсынды. Атап айтқанда, Түркиядағы Гелисим университетінің PhD докторы Асил Шенгүн, Өзбекстан Республикасының М.Әуезов атындағы ОҚУ филиалының Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, PhD доктор Бақытжан Исмаилов және «Мәдени – тынығу жұмысы» кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Алтынай Қадыралиева қатысып, өздерінің ғылыми тұжырымдамалары мен зерттеу нәтижелерін көпшілік назарына ұсынды.

Конференция барысында ұлттық дәстүр мен психологияның жастар тәрбиесіндегі рөлі, рухани мәдениетті қалыптастыру және салауатты сана ұғымы жан-жақты талқыланды. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, белгілі психолог Тәтті Орынтай баяндама жасап, қазіргі қоғамдағы эмоционалды әл-ауқат пен тұлғалық дамудың психологиялық қырларын нақты мысалдармен түсіндірді. Ол салауатты сана мен рухани иммунитет ұғымдарының өзара байланысын айқындап, адам бойындағы ішкі үйлесімділіктің өмір сапасына әсерін атап өтті.

Ал, ҚХА Ассамблеясы жанындағы Республикалық және облыстық дүнген Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова этносаралық келісім мен аналар институтының тәрбиелік маңызын ерекше атап өтті. Өз сөзінде, көпұлтты қоғамдағы өзара сыйластық пен мейірім мәдениетінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі аналардың рөліне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ұлттың рухани жаңғыруы мен әйелдердің қоғамдағы беделі туралы ой қозғап, ана мейірімінің ұлттық бірліктің бастауы екенін жеткізді.

Конференция соңында қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, мұндай ғылыми-тәжірибелік кездесулердің рухани құндылықтарды дәріптеп, жастардың адамгершілік және зияткерлік әлеуетін арттыруға серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, қатысушыларға белсенділігі мен ғылыми үлесі үшін Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға ғылым мен руханиятты ұштастырған мазмұнды жиын үшін алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

абай1111

абай2222

абай3333

абай4444

абай555

абай666

абай7777

абай8888

абай9999

 

Прочитано 246 раз