Дулати университетінде «Таза экология – Таза Қазақстан» атты экологиялық семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғауға үндеу және жастардың экологиялық санасын қалыптастыру болды.
Семинарға Жамбыл облысы бойынша Экология департаментінің бақылау бөлімінің басшысы Жахангер Назарбеков, Б.Момышұлы атындағы №45 гимназия мұғалімі Рахымжан Алманбетов, сондай-ақ университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жахангер Назарбеков өз баяндамасында экологиялық мәдениетті арттыру мен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын атап өтті. Ал Рахымжан Алманбетов экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесіне тоқталып, жас ұрпақтың табиғатты аялауға деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы жобаларын таныстырды.
Семинар барысында студенттер экологиялық тақырыпта өз ойларын ортаға салып, сұрақтар қойды. «Бастауышты оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 3-курс студенті Аружан Тілеу табиғатты қорғау туралы жүрекжарды өлеңін оқып, экологиялық сананы арттыруда білім мен ғылымның рөліне тоқталды
Іс-шара соңында студенттер мен оқытушылар экология саласындағы ғалымдардың еңбектерімен танысып, табиғатты қорғауға арналған мотивациялық видеороликті тамашалады.
Таза Қазақстан – табиғатқа деген жауапкершілік белгісі. Әр азамат экологиялық мәдениетті сақтауға үлес қосуы қажет.