Университет қабырғасында «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушылары Б.Мырзабаева мен Ғ.Абдыханованың ұйымдастыруымен хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында «Абайдың даналығы – өзіңді танудың кілті» атты танымдық тренинг өтті.
Тренинг мақсаты – ұлы ойшыл Абайдың рухани мұрасын насихаттау арқылы студенттердің өзін-өзі тану қабілетін дамыту, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлігін шыңдау.
Тренингті филолог, сөзтанушы, dana_bala_taraz парақшасының авторы Данагүл Бейсеналықызы жүргізді. Ол студенттерге «Ораторлық өнердің 5 қаруы» әдісі арқылы сенімді сөйлеу мен өз ойын анық жеткізу тәсілдерін интерактивті ойын түрінде түсіндіріп, сөздік қорды байытудың тиімді лайфхактарымен бөлісті.
Тренинг барысында жастар өз пікірлерін ашық айтып, шығармашылық тұрғыдан ойлануға, сөз өнерінің қадірін сезінуге мүмкіндік алды. Қатысушылар арасында өзін тануға бағытталған креативті психологиялық және мотивациялық түрлі жаттығулар ұйымдастырылды. Бұл жаттығулар студенттердің ішкі әлеуетін ашуға, өз-өзіне сенімділігін арттыруға және топпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Тренинг соңында студенттер ұйымдастырушылар мен тренерге пайдалы тәжірибе мен рухани шабыт сыйлағандары үшін алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.



