СЫРЛАСУ КЕШІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында рухани мәні терең «Анам үйреткен өмір сабағы…» тақырыбында сырласу кеші өтті. Ұйымдастыру комитеті: университеттің Ардагерлер мен Аналар кеңесі және «Анаға тағзым» Облыстық отбасылық даму орталығы.

Кештің мақсаты – ананың бала тәрбиесіндегі рөлін дәріптеу, өмірдің әр сәтінен жылулық пен ізгілік көруді үйреткен аналардың өнегелі өмірін үлгі ету.

Кешті «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева құттықтау сөзбен ашып, ананың адам өміріндегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Өз сөзінде, ананы мейірім мен сүйіспеншіліктің, ізгілік пен өмірлік құндылықтардың қайнар көзі ретінде сипаттап, аналардың еңбегі мен тәрбие үлгісін құрметтеуіміз керектігін жеткізді. Аналардың тәрбиесі арқылы қоғамның рухани байлығы қалыптасатынын атап өтіп, барша аналарға ерекше ықыласпен алғысын білдірді.

Кештің модераторы, «Анаға тағзым» Облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Иннаятқызы сөз алып, ананың қоғамдағы рөлі мен рухани тірегі туралы кеңінен сөз қозғады. Ананың тәрбиесі – ұлттың тәрбиесі екенін, отбасындағы жылулық пен берекенің бастауында әрқашан ана тұратынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, аналардың үлгісі жастардың бойына ізгілік пен жауапкершілікті қалыптастыратынын жеткізді.

Кеш барысында өмірлік тәжірибесі мен аналық өнегесін жастарға үлгі еткен қонақтар сөз алды. Абай атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мухаббат Алеханова және Баян Манкеева аналардың ақыл-парасаты мен сабырлы мінезінің ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше рөлін мысалдармен түсіндірді. Ұстаздар ананың мейірімі мен қамқорлығы баланың болашақ тұлғалық қалыптасуына айтарлықтай әсер ететінін жеткізді. Ал, Дулати университетінің психологы Айзат Минасипова «Қазақ жастарының менталды денсаулығын қолдауда дәстүрлі тәсілдердің үйлесуі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, ұлттық тәрбиенің психологиялық негіздерін талдап өтті. Ананың жылы сөзі мен қамқорлығы – баланың психологиялық саулығының басты тірегі екенін жеткізді. Сонымен қатар, Жамбыл облысы Аманат партиясының әйелдер қанатының төрағасы, «Білім» колледжінің директоры Жанат Ертаева қорытынды сөз алып, ананың мейірімі мәңгілік шамшырақ екенін атап өтті. Аналардың үйреткен өмір сабақтарын ұмытпай, сол өнегені келер ұрпаққа жеткізу қажеттігін жеткізді. Қатысушыларды отбасы мен қоғамдағы аналардың рөлін қадірлеуге шақырып, кештің тәрбиелік мәнін жоғары бағалады.

Кеш соңында қатысушылар аналарға деген жылы лебіздерін білдіріп, өлең жолдары арқылы өз сезімдерін жеткізді. Жас буындар үшін сырласу кеші өмірлік құндылықтарды терең түсініп, отбасы мен қоғамдағы аналардың рөлін бағалау мүмкіндігін берді. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мазмұнды әрі рухани жылы кеш үшін жылы лебіздерін жеткізді.

сыр1111

сыр2222

сыр3333э

сыр4444

 

Прочитано 79 раз
Top