Алматы қаласында Қазақстан-Британ техникалық университеті базасында Қазақстан Республикасы Банктер қауымдастығы ұйымдастырған Студенттік жобалар мен зерттеулердің республикалық конкурсының финалдық кезеңі өтті. Байқауға М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 6В06113 – «Қолданбалы информатика және бағдарламалау» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Болатов Есімхан мен Раймбеков Нұрислам қатысты.
Студенттер интеллектуалды қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «AI – күдікті қаржылық операцияларды талдау және алдын алу шешімі» атты жобаларын ұсынды. Жоба машиналық оқыту мен деректерді талдаудың заманауи әдістерін пайдалана отырып, қаржылық алаяқтық тәуекелдерін анықтау және алдын алу мақсатында әзірленген.
Команданың ғылыми жетекшісі – «Қолданбалы информатика және бағдарламалау» кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Маматаева Дильноза Омаровна. Оның жетекшілігімен студенттер жоғары кәсіби дайындықты, аналитикалық ойлауды және жасанды интеллект саласындағы терең білімді көрсетті.
Байқау жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, финтех және қаржы секторына арналған цифрлық шешімдер бағыттарында инновациялық жобаларды қолдауды мақсат етті. Бұл жарыс студенттердің цифрлық құзыреттерін дамытудағы маңызды қадамға айналып, Dulaty университетіндегі кадрлар даярлау сапасының жоғары деңгейін айқындады.
Республикалық финалға жолдама алу үшін Dulaty университетінің командасы университетішілік іріктеудің 8 мықты қатысушысы арасынан озып шығып, бірінші орынды иеленді. Финалда еліміздің 23 жоғары оқу орнынан келген үздік командалар бақ сынады. Дулати университетінің студенттері өз жобаларын жоғары деңгейде қорғап, сарапшы қазылар алқасының оң бағасын алып, арнайы жүлдеге ие болды.
Байқау нәтижесінде студенттер Қазақстанның жетекші қаржы институттарының бірі – «Банк ЦентрКредит» АҚ базасында ақылы тағылымдамадан өту және кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл байқауға қатысу жастарға баға жетпес тәжірибе жинақтауға, кәсіби көкжиегін кеңейтуге, командалық дағдыларын шыңдауға және алған білімдерін нақты жағдайда қолдануға мүмкіндік берді.
Университетіміздің талантты студенттерін шын жүректен құттықтаймыз! Оларға шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер және кәсіби жолдарында биік белестер тілейміз!
