1973-1992 жылдар аралығында ЖАМБЫЛ ГИДРОМЕЛИОРАТИВТІК-ҚҰРЫЛЫС ИНСТИТУТЫН академик, техника ғылымдарының докторы МАРС ФАЗЫЛҰЛЫ ҮРКІМБАЕВ басқарды (Одақ көлеміндегі 33 жастағы ЖОО-ның ең жас ректоры болатын).

33 жастағы жас ғалым-ректор институттың өсіп-өркендеуіне, Кеңестер Одағында ғана емес, әлемдік аренада да танымал болуына үлкен үлес қосты. Еліміздің ауылшаруашылығы, экономика, гидромелиорация, құрылыс саласына қажетті бірнеше жаңа мамандықтар ашылды. Оқытушы-профессорлар құрамының әлеуеті артты. Жоғары оқу орнының рухани әлемінде де тың серпілістер пайда болды.

Академик Марс Фазылұлы сол күндерді: «Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына алғаш ректор болған 1973-1974 жылдары күндізгі бөлімде 3-3,5-мыңдай кілең жігіттер оқитын. Біз өз студенттерімізге жақсы білім беру үшін ғана еңбек еткеніміз жоқ. Сонымен бірге басты мақсаттың бірі студенттер бойына адамгершілік сана мен мәдениетті қалыптастыру болды. Жоғарыда айтып өткенімдей өте күрделі жағдайдан шығу үшін біз мынадай екі жолды таңдадық. Біріншісі – спорт. Дәл осы жылдары біз талантты спортшы Серік Қонақбаевты, Сергей Громовты, Алмаз Мұсабековты таптық. Бұрын бокс секциясына 30-40 адам қатысса Серік Қонақбаев Нью-Йоркте әлем кубогін ұтып, артынша Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері атанғаннан кейін бокс секциясына 1300-1400 жастар қатысатын болды. Екіншісі, біз «Су шаруашылығының экономикасы» мамандығын ашып, оған көптеген әдемі және ақылды қыздар оқуға түсті. Сөйтіп құрылысшылармен, механиктермен, гидротехниктермен экономистер көңіл қосқан институтта жас отбасылар өмірге келді. Осы мақсатта біз №3 жатақхананы отбасылы студенттерге бердік» – деп еске алады. Әрине, бұл Марс Фазылұлының студенттер өміріне байланысты бір сәттік қана естелігі.

Студент жастардың бастамасымен «Өз институтымды – өз қолыммен», – деген ұраны аясында институт құрылысына студенттер жаппай кірісті. Сол жылдары институт студенттері жатақхана, оқу корпустарын салу құрылысына белсене араласты. М.Ф.Үркімбаев ғимараттың жанында орналасқан химиялық тыңайтқыштар қоймасын қайта жөндеуден өткізіп, сол кездегі заманауи зертханалық ғимаратына айналдырды, әскери кафедраға қарасты алаңды көркейтуге және СОКП Облыстық комитетінің қолдауына ие болып, «Гидрокешен» аймағының ғимараттары мен зертханалық базасының жобалауы мен құрылысын ұйымдастыруға күш жұмсады. Бүгінде бұл студенттер қалашығына айналған Гидрокешеннің негізі болатын.

Top