М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Мадиев Өскенбай Қабылбекұлының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті.
Жиынның мақсаты – Өскенбай Қабылбекұлының ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен шәкірттері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Салтанатты жиынды Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Байжұманов құттықтау сөзбен ашып, мерейтой иесінің ғылым мен білім беру жүйесіне қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті. Академик Өскенбай Қабылбекұлының жас ғалымдарды тәрбиелеудегі қажырлы еңбегін сөз етіп, есімі университет тарихында құрметпен аталатынын жеткізді. Сонымен қатар, университет ұжымы атынан мерейтой иесіне арнайы естелік сыйлық табыстады.
Жиын барысында мерейтой иесін Амангелді Аширбаев, Айтбала Сихымбаева, Серік Мунасипов, Совет Қожабеков, Юрий Дубский секілді танымал ардагер ғалымдар құттықтады. Барша сөз алған әріптес-замандастары профессордың тамаша ұйымдастырушылық шеберлігі мен жоғары кәсіби біліктілігі туралы, ғылымдағы еңбегі айшықталып, шәкірттері үшін үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар еліміздің ғылым мен білім сапасын арттыруға қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Арнайы келген қонақтар ғалымға жылы лебіздерін білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады.
Ал, мерейтой иесі жеткен жетістігі тұлғалық ерекшеліктен өзге, көпшіліктің қолдауының арқасында болғанын айтты. Өскенбай Қабылбекұлы университет басшылығына ерекше алғысын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыратындығына сенім білдірді.