Версия для печати

Дулати университетінің студенттері қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдерімен кездесті

Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде 4-курс студенттері үшін ерекше кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері келіп, студенттермен ашық әңгіме өрбітті. Кездесуге «Экономика және құқық» сондай-ақ «Технологиялық» факультеттердің түлектері қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – студенттерге агенттік жұмысының мазмұнын таныстырып, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі мен талаптары туралы ақпарат беру.

Онлайн форматта, Zoom платформасы арқылы, Астана қаласындағы Қаржылық мониторинг агенттігінің кадрлық қызметінің жетекшісі Мейрамұлы Асхат сөз алып, студенттерге агенттікте жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, іріктеу кезеңдері және қажетті кәсіби дағдылар жөнінде кеңінен баяндады. Ал Тараз қаласынан кездесуге Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жамбыл Абдуллин және кадрлық қызметтің маманы Шолпан Абрасилова қатысты. Олар студенттерге департаменттің негізгі бағыттарын, қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу мен тергеу жұмыстарының ерекшеліктерін түсіндіріп өтті.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Әңгіме еркін әрі танымдық сипатта өтіп, жас мамандарға мемлекеттік қызметтегі еңбек жолына бағыт-бағдар берді.

Мұндай кездесулер жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, болашақ мамандардың мемлекеттік құрылымдарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

мон11111

мон222

 

Прочитано 27 раз