«Бірге талқылайық!» жобасы «Ұстаз» институының «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы Кумисбекова Жазира Науатбекқызының бастамасымен, аталған мамандық студенттерінің қатысуымен ағымдағы жылдың 4 қарашасында алғаш шымылдығын түрді. Бүгінгі отырысымыз Әзілхан Нұршайықовтың махаббат тақырыбындағы «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасына арналды. Пікірталасқа «Інжу-маржан» әдеби үйірмесінің жетекшісі Абылай Ғалия, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы Кумисбекова Жазира Науатбекқызы, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенттері белсене атсалысты. Пікірталастың басты мақсаты – сіздер мен біз болып өткен тарихымыз бен бүгінгі заманға дейінгі қазақ тіліндегі жазушыларымыздың махаббат шығармаларын оқудағы қазіргі жастарымыздың көзқарастары мен ойларын ортаға салу. Махаббат дегеніміз не, оның түрлері, бұрынғы мен қазіргінің махаббатын салыстыру, махаббат тақырыбындағы шығармаларды оқыту арқылы жастарды сүйіспеншілікке, сүюге, мейірімділікке шақыру.
Пікірталасты барысында төмендегідей сұрақтар аясында ой-талқы өрбіді.
1. Жас жеткіншекті дұрыс жолға бастайтын, әсерлі, өнегесі мол, махаббат, достықты жырлайтын туындыны оқығанда қандай әсерде болдыңыз?
2. Қазіргі кездегі махаббат қандай? Ә.Нұршайықовтың кезіндегі махаббаттың ХХІ ғасырдағы махаббаттан айырмашылығы бар ма?
3. Шығармадағы Ерболдың адамгершілігі мен Меңтайдың инабаттылығы, ұстамдылығы, сабырлылығы қазіргі заманда өмір сүріп жатқан ұлдарымыз бен қыздарымызды таба аламыз ба?
4. Меңтайдың образынан өзін көре алған қыздар бар ма? Немесе еліктеушілік сезім пайда болды ма?
5. «Қызыл көрпе» деген кезде ойыңызға не түседі?
6. Шығармадағы достық, уәде беру, серт беру жағдайларына көзқарасыңыз қандай?
7. Шығармадағы дана, ақылды «АНА» бейнесіне тоқталсаңыздар?
8. Шығарманың соңында жазушы Меңтайдың өлімімен аяқтайды. Сол туралы ойларыңыз?
9. Сіз шығарманы қалай аяқталғанын қалар едіңіз?
Барлық қатысушылар берілген сұрақтар төңірегінде тұшымды ойларын, ашық пікірлерін еркін түрде ортаға салды. Соңында болашақ ұстаздар анаға деген махаббатын «Ана туралы жыр» әнін хормен орындау арқылы жеткізді.
Бүгінгі «БІРГЕ ТАЛҚЫЛАЙЫҚ!» кітап оқу жобасы өз мәресіне жетті деп ойлаймын. Ұлттың үміті – сіздерсіздер, болашағы сіздерге байланысты! Саналы да сапалы, білімді елдің қашан да еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Олай болса келесі кездесуіміз желтоқсан айында өтпекші. Оқитын шығармамыз Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романын оқу. Сондықтан да, осындай сүйіспеншілікке, ізгілікке, мейірімділікке, достыққа, адалдыққа шақыратын шығармаларды көп оқып, «БІРГЕ ТАЛҚЫЛАЙЫҚ!» кітап оқу жобасына келіп қатысуға шақырамыз.
«Мектепке дейінгі және бастауыш
білім беру кафедрасының аға оқытушысы
Кумисбекова Жазира Науатбекқызы