Дулати университетіндегі кездесуде жүзжылдықтың жылнамасы айтылды

Күні кеше ғана халыққа қалтқысыз қызмет еткен ұлттың біртуар тұлғасы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын дүйім ел дүбірлете атап өткені мәлім. Жамбыл жерінде той-тойға ұласып, өңір тұрғындарымен бірге тыныстап келе жатқан, кезінде талай мықты қаламгердің қаламының ізі қалған облыстық «Ақ жол» газетінің 100 жылдық мерейтойы қатар тойланды. Жұртшылықтың жүзжылдықтың жылнамасын жазып жүрген журналистерге деген ізет пен құрмет әлі де жалғасуда.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі «Ақ жол» газетінің журналистерімен өткен кездесу – соның бір көрінісі. Кездесуде университет ректорының міндетін атқарушы Гүлвира Мұсабекова ғасыр жасаған басылымның тарихына тоқталып өтті. Облыстық басылым мен өңірлік университет арасында орныққан байланыс туралы сөз қозғады. «Қазіргі кезде 200-ден астам білім бағдарламалары бойынша маман даярлап отырған оқу орны еңбек нарығын қажет кадрмен қамтамасыз етіп отыр. Соның ішінде журналистика саласының да маманға деген сұранысын өтеп отыр десек, артық айтқандық емес. Біздің университетінің түлектері қазір Жамбыл жерінде ғана емес, республикалық БАҚ-тарда жемісті еңбек етіп жүр. Солардың ішінде бүгін осында кездесуге келіп отырған, ғасырлық тарихы бар басылымның бас редакторы Хамит Есаман, журналист Нұржан Қадырәліні атап айтуға болады», - деді Гүлвира Айдарханқызы.

Модератор – аға оқытушы Бақытжан Мақашов кездесудің болашақ журналистер үшін алар берері көп екенін атап өтті. Кездесуде облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Хамит Есаман басылымның өткені мен бүгінін жалғап, келелі әңгіме қозғады. Еліміздің астанасы болған Алматы қаласының іргесіндегі Жамбыл өңірінің бас газетінің елдегі ірі қоғамдық-саяси мәні бар оқиғаларға араласып, елдің сөзін сөйлегенін тілге тиек етті. Осы газеттің редакциясына талай нар тұлғалардың табаны тигенін қозғады.

Газеттің «Әлеумет» бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Рахман жастардың газет журналистикасына деген қызығушылығы төмендеп кеткенін, сауатты сөз саптай алатын маман атану үшін көп оқып, көп еңбектену қажет екенін әңгімеледі. «Болашақ журналист теориялық біліммен шектеліп қалмауы керек. Сіздер қазірден редакциялардан шықпай, ізденіп, мақала жазып, шыңдалуларыңыз қажет. Басылым мен болашақ мамандар арасындағы байланыс қазірден берік болуы тиіс», - дей келе бірқатар ұсыныстар айтты. Журналистер Эльвира Жарылқасынова, Нұржан Қадырәлі де газеттегі еңбек тәжірибелерімен бөлісіп, ой-пікірлерін жеткізді.

Гүлвира Айдарханқызы журналистердің ұсыныс-пікірлеріне бірден үн қосып, тиісті қызметкерлерге назарға алуды тапсырып отырды. Тіпті, баспасөз бен оқу ордасы арасындағы байланысты нығайту үшін университеттегі бұрынғы «Журшоу» дәстүрін қайта жаңғыртуды міндеттеді.

Ашық-жарқын әңгіме жастардың да көңілінен шықты. Олар журналистерге сұрақ қойып, облыстың бас басылымын мерейтоймен құттықтады.

Туған өлкеңді танытатын – сонда туып-өсіп, еңбекпен есімі ел аузына ілінген белгілі азаматтары мен тарихы екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда жамбылдықтар қалай мақтанса да, жарасады. Соның ішінде жүзжылдық жылнамасын түзіп, жамбылдықтармен бірге жасап келе жатқан «Ақ жол» газет беттерінде облыстың тасқа басылған тарихы да қаттаулы тұр десек, артық айтқандық емес.

WhatsApp Image 2022 10 28 at 18.25.34 1

WhatsApp Image 2022 10 28 at 18.27.01

WhatsApp Image 2022 10 28 at 18.27.11

WhatsApp Image 2022 10 28 at 18.27.25

 

Прочитано 1206 раз
Top