Магистр жетекшілік ететін ансамбль 2-орынды жеңіп алды

Өнерде жақсы ұстаздың тәлімі – табыстың кілті. Жастарға ән өнерінің қыр-сырын үйретуде талмай ізденіп, шәкірттерінен де табандылықты талап етіп жүрген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы Мақсат Ділтан – соның бірі.

Магистрдің жетекшілігімен Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Кәусар» вокалдық ансамблі жуырда халықаралық «Жұбановтар әуені – 2022» хор музыкасының фестиваль-байқауында үздіктер қатарынан көрінуі – осы сөзіміздің дәлелі.

Қазан айының соңында өтіп, үш күнге созылған өнер байқауына Қазақстанның 16 қаласынан және әлемнің 6 мемлекетінен хор ұжымдары бақ сынасып, өз өнерлерін көрсеткен болатын.

Халықаралық деңгейде өткізіліп келе жатқан байқаудың бір ерекшелігі – фестивальдің ашылу салтанатында 17 ұжым, 484 адам бір мезетте Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін орындағаны болды.

Атап өткеніміздей, оған тек әр өңірдің үздіктері ғана емес, шетелдік өнер ұжымдары да қатысты. Байқауда Украина, Минск, Түрік елдерінен келген өнер иелері қазылық етті. Байқаудың қазылар алқасының төрағасы

халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері профессор Базарғали Жаманбаев болғанын айта кеткен жөн.

Бәсі биік өнер бәсекесінде Дулати университетінің аға оқытушысы Мақсат Ділтанның жетекшілігімен өнер көрсеткен Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Кәусар» вокалдық ансамблі 2-орынды жеңіп алып, 300 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды.

Прочитано 874 раз
Top