Халықаралық білім беру жобасының тұсаукесері өтті

Дулати университетінде ТМД елдерінде тұңғыш жүзеге асырылатын желілік кампус жобасының таныстырылымы өтті.

Бұл – Дулати университеті, «Қазфосфат» ЖШС және Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің бірлескен жобасы. «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын химия өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлауды көздейтін желілік кампустың таныстырылымы химиктер күніне тұспа-тұс келіп отыр.

Жоғары білім беру жүйесінде жүзеге асырылатын, алғаш рет жұмыс беруші тарапты да бірге қамтыған желілік кампустың презентациясына орай Дулати университеті көрме ұйымдастырды. Ол негізгі үш бағытты қамтиды: ғалымдардың еңбектері мен жобалары, жастар ұйымдарының жасаған жұмыстары.

Өңір үшін айрықша орын алып отырған бұл жобаға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев арнайы қатысты.

 – Бүгінгі іс-шара жастардың болашағы үшін жасалынған маңызды қадам екені анық көрініп тұр. Жамбыл облысы химия саласының мамандарын қажет етеді. Президент Қ.Тоқаев өркендеу жолында тоқтап қалмай әлем елдерінің қатарына ену үшін көптеген жұмыстар жасау керектігін айтты. Бастысы шетелдік ЖОО-ның филиалын ашу қажет деген тапсырма да берді.  Осы бағыттағы жұмыстардың алғашқысы Дулати университетінде іске асырылып отыр. Менделеев университетімен бірлесе атқарар іс те, қойылар талап та, жауапкершілік те өте мол. Қос университет және «Казфосфат» арасындағы жоба білім және ғылымның айшықты дамуы үшін жасалған тың жоба. Алдағы уақытта бұл желілік кампус арқылы бітіруші түлектер елімізге адал қызмет етеді деген сенімдеміз, - деді Еркін Үйсімбаев.

Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов бұл білім беру жобасы бойынша атқарылатын жұмыстар мен талаптарды түсіндірді.

– Біз қыркүйектен бастап  «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы бойынша Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия технологиялық университеті және «Қасфосфат» ЖШС-мен бірлесіп, химик-технолог мамандарды даярлайтын боламыз. Бүгінге дейін үш тарапты келіссөздер жүргізіліп, сәтті аяқталды. Міне енді, химия өндірісіндегі ТМД-дағы алғашқы желілік кампус жобасын іске қосқалы отырмыз. Білім беру процесі «2+1+1» формуласы бойынша жүреді. Студенттер Дулати университетінде 2 жыл оқып, 3-курста РХТУ-да білім алып, 4 курста «Қазфосфат» ЖШС базасында оқу-өндірістік практикадан өтеді, - деді университет ректоры Мұхтар Байжұманов.

Д.И.Менделеев атындағы РХТУ «Жаратылыстану» факультетінің деканы  Олег Райтман  бұл жоба – химия өнеркәсібінің дамуына серпін беретін бастама екенін атап өтті.

– Химия өнеркәсібі саласында желілік білім беру кампусын іске қосу –маңызды қадам. «Қос дипломды» бағдарлама бойынша білім алатын студенттер автоматтандырылған, заманауи жабдықтармен табысты жұмыс істеуді үйренеді. Біз жастарды жаңа өндірістік желілерді жобалауға мүмкіндік беретін білім мен пәнаралық құзыретіліктерге бағытталған жүйе бойынша оқытамыз. РХТУ – салаға бағытталған және оның кадрлық қажеттіліктерді үйлестіріп отыратын ғылым мен жоғары мектептердің бірегейі. Желілік бағдарламаның грантына ие болған жас талапкерлер ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасындағы химпромның ірі зауыттарын іске қосуға қатысушы болады, – деп түсіндірді Олег Райтман.

Іс-шарада университет ғалымдары, еңбегі сіңген ардагер ұстаздар «Дулати төсбелгісімен» марапатталды.  Ресей химия-технологиялық университетінің түлегі, «Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс» институтының ректоры қызметін атқарған Жүсіпбек Сүлейменов: «Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия технологиялық университетінің түлегі ретінде айтарым, бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік. РХТУ – химия өнеркәсібі үшін білікті кадр даярлап келе жатқан ТМД-дағы іргелі жоғары мектептердің бірі», - деп пікір бөлісті.

«Біз Мәскеудегі ең іргелі оқу орнында оқып келіп, алған білімімізді елде өндіріс саласына қажетті кадр даярлауға жұмсадық. Химик-технологтарды даярлауда талай жылғы тәжірибесі бар екі университеттің бірлескен жобасына сәттілік тілеймін. Жастарға осындай үлкен мүмкіндікті жіберіп алмаңдар деймін. Бұл – өндірісті дамытуға жол ашатын ірі жоба», - деді Дулати университенінің вице-ректоры Өскенбай Мәдиев.

Сондай-ақ Дулати университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі Маржан Қалмаханова қос университеттегі маман даярлау ісінің артықшылықтарын таныстырып өтті.

Іс-шарада Химиктер күніне орай Дулати университетімен ынтымақтастық орнатқан шетелдік әріптестер, химик ғалымдар, профессорлар құттықтау жолдады.

RLS 7220

RLS 7278

WhatsApp Image 2023 05 29 at 18.56.05

RLS 7390

RLS 7450

RLS 7633

RLS 7518

RLS 7530

RLS 7623

RLS 7773

         

Прочитано 932 раз
Top