Өңірлік университет облыс әкіміне интеграциялық жобаларын таныстырды

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басшылық құрамы мен ғалымдары облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесіп, оқу орнының интеграциялық жобаларын таныстырды.

​Дулати университеті – өңірдегі кадрлық сұранысты өтеп отырған іргелі оқу орны. Білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы сан сала бойынша мамандар даярлап қана қоймай, облыс экономикасын дамытуға серпін беретін инновациялық жобалар жасап, оны өндіріске енгізуде.

​Университеттің ІТ мамандары өңір мектептеріндегі, жалпы білім мекемелеріндегі кадрлық сұранысты анықтайтын арнайы электронды бағдарламасын әзірлеген. Ортақ жүйеге он аудан түгел қосылса, қай жақта қандай маман қажет екенін алдын ала нақты саралауға мүмкіндік туады. Кездесуде мамандар осы бағдарламаның тиімділігін түсіндірді.

Дулати университетінің Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтында еңбек нарығындағы сұранысқа ие гидротехниктер даярланады. Бұл бағытта кадр даярлауда аталған институттың тәжірибесі мол, ғылыми база қалыптасқан. Жыл сайын мемлекеттік оқу гранттары бөлінеді. Алайда су саласына керекті мамандарды оқытуда кездесетін түйткілдер де аз емес. Жиында осы мәселелер де қозғалды.

Ал, биылғы оқу жылынан бастап Дулати университеті Д.И.Менделеев атындағы РХТУ-мен бірлесіп, «Қос дипломды» білім беру бағдарламасы шеңберінде химик-технолог мамандарды оқытуға кіріседі. Бұл – келесі жылы Дулати университетінің базасындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын ашудың негізгі қадамы. Ал филиалға талапкер тарту – бүгіннен басталатын жұмыс. Университет ғалымдары облыс мектептерінде ғылыми-тәжірибелік химия кластарын ашу туралы бастама көтерді.

​Сондай-ақ жиында Дулати университетінің ғалымдары ұсынған шағын ГЭС жобасын өндірке енгізу мәселесі талқыланды. Қалдықтарды қайта өңдеу жобасының тиімділігі қозғалды.​

​Өткен аптада ғана Дулати университеті 2025 жылғы жазғы универсиаданың жалауын қабылдап алған еді. Осылайша өңірлік университет екі жылда бір өтетін спорттық бәсекені өткізу мәртебесіне ие болып отыр. Таразда өтетін жазғы универсиаданы ұйымдастыру мәселелерін талқыға салынды.

​Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы Дулати университетінің интеграциялық жобаларын қолдайтынын жеткізіп, тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.

2

3

3

3

3

Прочитано 735 раз
Top