АДАМИ КАПИТАЛДЫҢ ДАМУЫ - ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ ӨСУІНІҢ НЕГІЗІ

Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің экономикалық өсуінің негізі ретінде адами капиталды дамытуға арналған жоғары білім және ғылым форумы өтті.

Форум жоғары білім және ғылым саласының қызметкерлерін, ЖОО және ҒЗИ өкілдерін, қоғамдық кеңес мүшелерін, жас ғалымдар мен студенттерді, шетелдік және отандық сарапшылардың басын қосты.

Форумның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов шараға қатысушыларға арналған құттықтау бейнеүндеуімен ашып, елдің экономикалық өсуіне жоғары білім мен ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, ғылым мен жоғары білімнің даму мәселелері Мемлекет басшысының жіті назарында. Сондай-ақ, алдымызда ғылым саласын қайта жүктеу міндеті тұр. Осы бағытта ғылымды басқарудың жаңа моделіне көшуді бастадық», - деді Премьер-Министр.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жоғары білім мен ғылымның елдің инновациялық дамуы мен ел жастарының кәсіби дағдыларын арттырудағы маңыздылығына тоқталды.

      «Ел Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жоғары білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ жекелеген проблемалар мен негізгі міндеттерді шешу бойынша шаралар қабылдады. Шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашамыз. Бұл білім сапасын арттыруға, білім беруді және еліміздің жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған», - деді Тамара Дүйсенова.

        Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек түрлі университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын ескеріп, сондай-ақ әлемге танылған табысты жобалардың мысалдарын келтірді.

«2023-2025 жылғы ғылымның жалпы бюджеті 3,5 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында ғалымдардың мәртебесін көтеру және кадрлық әлеуетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Ғалымдардың жалақысы 2 есе өсті. Орташа-257 мың теңге, ең жоғары – 1,5 млн теңге. Заңнаманы жетілдіру және ғылымды дебюрократизациялау шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылды, экономиканың стратегиялық салалары бойынша ғылыми-технологиялық дамудың салалық жол карталары қабылданды», - деді министр.

Сонымен қатар, жиында Heriot-Watt University Tadhg O'donovan проректорының орынбасары (академиялық басшылық), Қазақстандағы De Montfort университетінің президенті Sakina Zafar, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.

 Жоғары білім және ғылым форумы Қазақстанның білім беру саласындағы маңызды оқиға. Диалогқа, тәжірибе алмасуға және дамудың жаңа стратегияларын жасауға мүмкіндік береді. Форумда ұсынылған идеялар мен кеңестер Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласындағы ұстанымдарын нығайтуға ықпал етеді.

Прочитано 669 раз
Top