Нобель сыйлығының лауреатымен кездесу өтті

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунгпен кездесу өтті.

Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, "Қазфосфат" ЖШС-нің өкілдері, факультет декандары, ғылыми қызметкерлер және журналистер қатысты.

Рае Квон Чунг - Инчхон ғылым конвергенциясы және технология институтының климаттың өзгеруі бойынша құрметті профессоры. Ол Пан Ги Мун қорының климат және энергетика жөніндегі директорлар кеңесінің мүшесі. «Жаһандық энергетика» сыйлығының халықаралық комитетінің төрағасы. Қазіргі уақытта БҰҰ Бас хатшысына есеп беретін су және табиғи апаттар (HELP) бойынша жоғары деңгейдегі сарапшылар мен көшбасшылар тобы төрағасының кеңесшісі.

Ғалыммен кездесуде университет ректоры Мұхтар Байжұманов Рае Квон Чунгпен және оның ғылыми бағытымен таныстырды.

Жиында профессор климаттың өзгеруі, аймақтағы су және экологиялық проблемалар жөнінде сөз қозғады. Ғалымның айтуы бойынша климаттық өзгеріс адамзат үшін үлкен қауіп төндіреді. Соңғы 4-5 жылда ғаламдық температура 1,5 есеге жоғарылаған. 2050 жылға қарай температура 3 есеге дейін артуы мүмкін. Яғни, климаттық өзгерістің зардабын болашақ ұрпақ тартады деген сөз. Профессор Рае Квон Чунг бұл проблемамен күресу үшін оның шығу себебін, түп тамырының қайда жатқанын білу керек деді.

– Мен климаттық өзгеріс туралы 1991 жылдан бері зерттеп келемін. Осы уақытқа дейінгі анализдеріме сүйене отырып, проблеманың көзі – еркін нарықтық экономиканың салдары деген қорытындыға келдім. Яғни, өнеркәсіптерден бөлінетін көмірқышқыл газы климаттың өзгеруіне әсер етеді. Қаншама жылдар бойы көмірқышқыл газдың мөлшерін азайту керек деп айтқанымызбен еш шара қолданылмай келеді,-деген ғалым ендігі шешім адамзаттың өз қолында екенін айтады. Әр адам жасыл экономиканы қолдап, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қоса алады. Бұл қалай деген сұраққа Рае Квон Чунг былай жауап берді: – Жасыл экономиканы қолдайтын компания қосымша шығын шығаруға дайын болу керек. Сондай-ақ, тұтынушы да бұрынғыдай арзан өнім емес, сәл қымбат өнім алуға дайын болған жөн. Нарықта екі түрлі баға жүреді. Жасыл экономиканы қолдайтын тұтынушы сәл қымбат өнімді, табиғатқа зиян тигізбей жасалған тауарды таңдайды. Яғни, таңдау адамдардың өз еркінде,- дейді профессор.

Осы орайда ғалым «Мен бірінші боламын» деген бастамасын таныстырды. Экологияға еш зиян тигізбей өнім шығарып, өзге компанияларға, өндіріс орындарына үлгі болудың маңыздылығын айтты.

Жиында Рае Квон Чунг Жамбыл өңіріндегі қоқыс, қоршаған ортаның ластануы проблемаларына да тоқталып өтті. Халық саны аз бола тұра, қоршаған орта ластануының көрсеткіші жоғары болғанына таңданысын білдірді. Бұл қоқысты қайта өндіретін зауыттардың болмауынан және қоқыс үшін қосымша ақы төленбеуінен деп түсіндірді. Кореяда өнеркәсіп орындарынан еш қоқыс қалмайтынын мысалға келтірді. Яғни, Корея елінде өндірістік қалдықтар толықтай қайта өңделеді екен. Ал тұрмыстық қалдықтар келесі жылы толық жойылады, яғни ол да өңделетінін айтты. Энергияның 20 % қоқыстан алынады екен.

Профессор жасыл экномиканы қолдау жаңа өсу жолына бастайтынын айтты. Жаңа жұмыс орындары пайда болып, экономикаға жаңаша серпін беретінін жеткізді.

Дулати университетінің ректоры Мұхтар Қазбекұлы профессор Рае Квон Чунгпен Кореяның технологиялық университетімен IT мамандарын даярлау бойынша келісімшарт жасау жөнінде уағдаласқанын айтты.

Кездесу соңында университеттің ғалымдары қонаққа өз сауалдарын қойды. Кореядағы өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жасыл экономиканы жүзеге асыру бойынша қойылған сұрақтарға Рае Квон Чунг жауап берді.

WhatsApp Image 2023 11 17 at 19.37.47

WhatsApp Image 2023 11 17 at 19.37.48 2

WhatsApp Image 2023 11 17 at 19.37.48 3

WhatsApp Image 2023 11 17 at 19.35.12 3

WhatsApp Image 2023 11 17 at 19.37.47 2

WhatsApp Image 2023 11 17 at 19.37.47 3

WhatsApp Image 2023 11 17 at 19.37.48 1

 

Прочитано 635 раз
Top