Дулати университетінде шетелдік студенттерге арналған «Әлеуметтік қолдау және көші-қон мәселелері» тақырыбында ақпараттық кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің Қазақстандағы оқу және мәдени ортаға сәтті бейімделуіне көмектесу, сондай-ақ көші-қон ережелерін түсіндіру.
Стратегиялық даму және иинтернационалдандыру жөніндегі проректоры Шолпан Алтынбекқызы студенттерге университеттің ішкі тәртібі, оқу процесінің ерекшеліктері және шетелдік студенттерге көрсетілетін қолдау шаралары туралы таныстырып өтіп, университет басшылығының кезкелген мәселені шешуге дайын екенін атап өтті.
Кездесуде көші-қон заңнамасын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жамбыл облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының майоры Айдос Тегісұлы шетел азаматтарының Қазақстанда тұру ережелері туралы баяндама оқыды. Кездесу соңында студенттер спикерлерге өз сұрақтарын қойып, еркін форматта пікір алмасты.
Қазіргі уақытта Дулати университетінде Түрікменстан, Өзбекстан, Қытай, Германия, Грузия, Ресей және Қырғызстан елдерінен келген шетелдік студенттер білім алуда. Осындай кездесулер шетелдік студенттердің Қазақстанда білім алып, өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.