Университет қабырғасында көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби кеш және «Бір ел – бір кітап — 2024» республикалық акциясы ұйымдастырылды.
Ұйымдастыру комитеті: Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторы және «Мәдениет және өнер» кафедрасы.
Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және ҚР Ұлттық Академиялық Кітапханасы мен ҚР кітапханалар қауымдастығының бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.
Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындылар мен рухани мұрамызды сақтау арқылы жас буынға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру.
Кітапханалық-ақпараттық орталығының Көркем әдебиет секторының жетекшісі Нұргүл Сапарғалиқызы сөз алып, «Бір ел- бір кітап» республикалық акциясының тарихы жайлы жете түсіндіріп өтті. Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығын таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармасы «Балалық шаққа саяхат» атты кітап көрмесін назарға ұсынды.
Кеш барысында Бердібек Соқпақбаевтің өмірі мен қызметі, оның шығармаларының ерекшелігі мен әдебиетке қосқан үлесі жайлы айтылды. «Мәдениет және өнер» кафедрасы мен Дулати колледжінің студенттері Бердібек Соқпақбаевқа арналған «Бәйтерек» өлеңін оқып, «Менің атым Қожа» повесінің қызықты сәттерін қойылым ретінде сахналап, шығарма желісі көрсетілді. Сонымен қатар, «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат», «Жекпе-жек» шығармалары бойынша қысқаша мазмұндап, білімгерлердің авторлық арнау өлеңдері көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Кеш соңында ұйымдастырушылар сөз алып, бірнеше тілге аударылған жазушы туындылары өскелең ұрпақты адалдыққа, ізгілікке жетелейтіні жайлы сөз қозғады. Өнер көрсеткен қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп,университет басшылығының атынан «Алғыс хат» табыстады.