Ғалым, тәжірибелі педагог, техника ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Түленбаев 73 жасына қараған шағында өмірден озды.
Ұлағатты ұстаз 1952 жылы 25 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1974 жылы Қазақ политехникалық институтын «Автоматтандырылған басқару жүйелері» мамандығын үздік аяқтап, Жамбыл ГРЭС-інде АБЖ зертханасының инженері ретінде жұмысқа қалдырылған. 1975 жылдың мамыр айында ғылыми-педагогикалық қызметті таңдап, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында (ЖЖТІ) ассистент, оқытушы және ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.
1980-1983 жылдары Ленинград технологиялық институтының күндізгі аспирантурасында оқып, профессор А.Л. Гуревичтің жетекшілігімен «Аналитикалық құралдардың шығыс сигналдарын кедергілер жағдайында автоматты өңдеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. 2011 жылы «Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандығы бойынша профессор атағы беріліп, Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі болып сайланған.
2009 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің «Ақпараттық және қашықтықтан оқыту технологиялары» департаментінің директоры болып тағайындалған.2013 жылдың қыркүйегінде жаңадан құрылған «Ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникациялар» факультетінің деканы қызметін атқарды. 2016-2019 жылдары Erasmus+ №573901-LMPI халықаралық жобасына жетекшілік етіп, жоба аясында ТарМУ-да «Компьютерлік жүйелер мен желілерді басқару, әкімшілендіру және қорғау» бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламалары енгізілді. 2016 жылдың қыркүйегінен бастап, Мұрат Сауранбайұлы «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының профессоры болып қызмет етті. 2019 жылдан бастап, 061-АКТ және 063-Ақпараттық қауіпсіздік бағыттары бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің мүшесі болды.
Мұрат Сауранбайұлының ғылыми қызығушылықтары кең әрі жан-жақты болған. Ғалымның зерттеулері цифрлық фильтрация және ақпаратты өңдеу, вейвлет технологияларын қолдану, ақпараттық-өлшеу жүйелері, компьютерлік модельдеу және процестерді басқару, экологиялық мониторингтің ақпараттық жүйелер мәселелерін қамтыды. Сондай-ақ, ғылыми-педагогикалық еңбектерінде оқу процесінде есептеу техникасын қолдану, виртуалды зертханалық кешендерді құру және қашықтықтан оқыту технологияларын енгізу мәселелері қамтылған. Осы бағыттар бойынша ондаған ғылыми мақала мен екі оқу құралын жариялады.
Ғалым 117-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбектердің, оның ішінде 2 монографияның, 3 оқу құралының және 4 авторлық куәліктің авторы. Сондай-ақ, КСРО-ның МВ және ССО салалық қорында (1986 ж.), М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің алгоритмдер және бағдарламалар Бүкілодақтық қорында (1987 ж.), және ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік комитетінде (2010, 2017, 2020 жж.) тіркелген төрт бағдарламалық кешен әзірлеген.
Ғылыми қызметінде профессор Мұрат Түленбаев халықаралық ғылыми қауымдастықта да елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Оның Scopus базасында тіркелген алты мақаласы бар. Оның ішінде төртеуі Q2, біреуі Q3, біреуі Q4 санатына жатады. Хирш индексі – 2.
2018 жылы ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталып, жетекшілігімен екі кандидаттық диссертация және 18 магистрлік диссертация қорғалған.
Қысқа да мазмұнды ғұмыр кешкен Мұрат Сауранбайұлының жарқын бейнесі оның еңбектерімен бірге ел есінде мәңгі сақталады. Ғалымның ғылыми мұрасы еліміздің жас зерттеушілері үшін қызмет ететіні сөзсіз.