М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде онлайн және оффлайн форматта Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлын еске алу кеші өтті.
Кешке ҚР зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ғалымдар Жанғара Дәдебайұлы, Сәмен Құлбарақ, Темірбай Мұқашев, Ислам Жеменей, Әлімғазы Дәулетхан, жазушы, драматург Елен Əлімжан, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және БАҚ өкілдері, студенттер қатысты.
Кештің мақсаты – еліне адал қызмет еткен ұлағатты ұстазды еске алып, есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау арқылы жас ұрпаққа үлгі ету.
Жиында Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов сөз алып, кештің маңыздылығына тоқталды. Пендешілікке – парасатты, ұсақтыққа – ірілікті, қастыққа – достықты, кертартпаға – кісілікті қарсы қойып, халық игілігі үшін қызмет жасаған – Мекемтас Мырзахметұлы білім және ғылым жолында өз ізін салып кеткен ғалым екенін ерекше тебіреніспен жеткізді.
Ұлағатты ұстаз Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтында, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Түркітану ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен. Сондай-ақ, оқу ордамыздың «Бауыржантану ғылыми зерттеу» орталығының жетекшісі ретінде жемісті қызмет етіп, кәсібиліктің озық үлгісін көрсетті. Ғалымның «Абайтану», «Мұхтартану», «Бауыржантану» саласындағы және қазақ мәдениетіне арналған озық ойлы зерттеулері мен мол мұрасы халқымыз үшін баға жетпес қазыналардың бірі.
Ғалымның шәкірттері сөз алып, қазақ елі өз перзенттерін әрдайым құрмет тұтып, еңбегін ешқашан ұмытпайтынын тілге тиек етті. Дарынды тұлғаның өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттап, барлық еңбектері алтын қорда сақталатынын жеткізді.
Жиында қатысушыларға тұлғаның өмірі туралы бейнефильм мен слайдтар көрсетіліп, ғалымның өмір жолы мен қызметі баяндалды. Бірі қазақ елінің дамуына қосқан үлесі туралы айтса, енді бірі жетістіктеріне тоқталды. Жақындары Мекемтас ағаның Отанына деген махаббаты, қарапайымдылығы туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті. Кеш қонақтары мен білімгерлер ұлағатты ұстаздың қаламынан туындаған әрбір шығармасына тоқталып, ғалымға деген ризашылықтарын білдірді.