Университет қабырғасында «Жастармен жұмыс» бөлімі жанындағы «Технологиялық» студенттік деканатының ұйымдастыруымен нашақорлық және есірткіге қарсы мамандармен кездесу өтті.
Кездесуге Жамбыл облысы Полиция Департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Айгерім Каукешова, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Ернар Жылысбаев, Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы Жамбыл облыстық «ЖИТС» орталығының маманы Мереке Бегманова, «JANUIA» емханасының медбикесі Айжан Наурызбаева, дәрігер эпидемиолог Сара Дулатбаева, психолог Ким Елизавета қатысты.
Кездесу мақсаты – адамзатқа төніп тұрған нашақорлық кеселінің өршіп тұрғанына байланысты, жас буынға осы дерттің зардабын түсіндіру. Есірткіге қатысты ахуал, жасөспірімдермен және жастармен профилактикалық жұмыс әдістерін жүргізу.
Мамандар студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, «синтетикалық» есірткіден төнетін қауіп, жаңа психоактивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды түсіндіріп берді. Жастардың өмір сүру салты, еліміздегі нашақорлық деңгейі, статистикалық көрсеткіштері талқыланды.
Білімгерлер көптеген пайдалы мағлұмат алып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.