Халықаралық туризм және меймандостық университетінде жоғары оқу орындарының студенттері арасында ХVI Республикалық пәндік олимпиада өтті. Білім бәйгесі B004 – «Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалар тобы бойынша «Бастапқы әскери дайындықты оқыту әдістемесі» пәнінен ұйымдастырылды. Олимпиадаға еліміздің әр өңірінен келген 14 команда қатысты.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» факультетінің студенттері олимпиадада үздік нәтижеге қол жеткізді. «Алғашқы әскери дайындық» кафедрасынан құралған команда Әкімжан Өтешов, Акмал Нуров және Алишер Естібаев жалпыкомандалық есепте I орынды жеңіп алды.
Олар үш кезең бойынша сынға түсіп, төмендегідей нәтижелер көрсетті:
•«Әскери пәндер блогы бойынша» тест тапсырмасында – I орын;
•«ҚР Қарулы Күштері жалпы әскери жарғылары» бойынша викторинада – I орын;
•«Әскери-спорттық эстафета» кезеңінде – III орын.
Командаға «Алғашқы әскери дайындық» кафедрасының меңгерушісі Д.Сейтжанов жетекшілік етті. Жас сарбаздар дайындығы мен ұйымшылдығының нәтижесінде биік жетістікке қол жеткізіп, университет абыройын асқақтатты