Әскери парад өткізу – Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті мерекелеудің бір формасы ғана емес, ең бастысы, Президент атап өткендей, елдік пен бейбіт өмір үшін күрескен батыр бабаларымызды ұлықтау, қан-майданда қаза тапқан боздақтарға тағзым ету. Сонымен қатар, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні екенін де ұмытпауымыз керек. Бүгін біз мақтан тұтатын еліміздің элиталы қарулы күштер бөлімшелері, әскеріміздің техникалық қуаты көрсетілді. Бұл ретте Президент «Парад – бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсету» екенін де атап өтті.
2. Патриотизм және ұрпақ сабақтастығы Ұлы Жеңістің 80-жылдығымен құттықтаған Мемлекет басшысы бұл мейрам сарбаздарымыздың жауынгерлік рухының символына айналғанын айтты. Расымен, 9 мамыр күнтізбедегі жәй ғана дата емес, ол қайсар рухтың, батырлықтың, Отанға деген адалдықтың белгісі. Соғыстың ең сұрапыл жылдарында азаттық пен тәуелсіздікті қорғап қалған ата-бабаларымыздың ерлігі – кейіңгі ұрпаққа өнегенің мәңгілікбағдары болып қала береді. Біз бүгін ардагерлерді ұлықтау арқылы олардың ерлігіне тағзым етіп, бірлік пен сабақтастықтың құндылығын еске аламыз. Жас буынның жүрегінде елі үшін мақтаныш, оның болашағына деген жауапкершіліктің берік орнауы үшін осыны есте сақтау ғана емес, ерлік дәстүрін келесі ұрпаққа жеткізу – қоғамымыздың міндеті.
3. Тарихи шындықты сақтау өткенімізді ұмытпау Шеру басталар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «Ұлы Жеңіс – еліміздің тарихының ажырамас бөлігі, бүкіл адамзат үшін аса маңызды сабақ» екенін атап өтті. Бұл сөзбен келіспеу мүмкін емес. Бүгінде соғыстың шынайы тарихын сақтау бұрыңғыдан да маңызды. Өйткені жаһандық соғыс бүкіл әлем үшін аса ауыр сынақ болды. Қазақстан халқы да басынан үлкен ауыртпалықты өткерді. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған сұрапыл соғыс – адамзат үшін ең үлкен сабақ. Біз оның мәнін бұрмалауға немесе жеңіске жеткен жауынгерлердің, соның ішінде қазақстандықтардың үлесін кемітуге жол бермеуіміз керек. Олардың ерен ерлігі, бастан кешкендері жайлы естеліктер тек ескерткіштер мен мұражайларда ғана емес, халықтың жүрегінде, санасында сақталуға тиіс. Бұл – баршамызға ортақ тарихи жауапкершілік.
4. Ардагерлерге алғыс Мемлекет басшысы «Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімдері мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды!» деді. Президент сұрапыл соғыста табандылық танытқан барлық ардагерлерге алғысын айтып, «аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат, отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге» екенін ерекше атап өтті.
5. Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі Президент «Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты» деп атап өтті. Майданда 1,2 миллион астам қазақстандық соғысты. Оның жартысы болашақ ұрпақ үшін өмірлерін қиып, соғыстан қайтпай қалды. Жерлестеріміздің ерлігі тарихта қалды. Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов Сергей Луганский, Иван Панфилов, Нұркен Әбдіров, Мәлік Габдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз ел азаматтарына ғана емес, бүкіл әлемге ерлік пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп, өшпес із қалдырды. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы біздің қорғасыннан құйылды. Бұл Жеңіс күнін жақындатуға қазақстандықтардың тылда да, майданда да үлкен үлес қосқанының жарқын көрінісі.
6. Ерлікті мәңгі есте сақтау Қазақстан Президенті посткеңестік елдер арасында бірінші болып Ұлы Жеңістің 80-жылдығына дайындықты ертерек бастау қажет деп атап өткенін естен шығармау керек. Бұл туралы Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты (2024 жыл). Осыған орай, елімізде Жеңістің 80-жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар іске асырылып жатыр. Бүкіл ел бойынша 500-ден астам көшеге Ұлы Отан соғысы батырларының есімін беру туралы маңызды шешім қабылданды. Бұл тек картада көрсетілетін жол сілтегіштер емес. Бұл – қалалар мен ауылдардың күнделікті тыныс-тіршілігіне еніп, қайта жаңғырған ұлы есімдер.Мұндай шаралар тарихи тұрғыда ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ата-бабаларымыз үшін мақтаныш сезімін ұялатады.
7. Ұлттық құндылықтар мен моральдық-адамгершілік бағыт-бағдар Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаты бірінші кезекте ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталғанын тағы да атап өтті. Отанымызды, оның егемендігі мен мүдделерін қорғау мәселелерінде бұл мызғымас қағида. Алтын Орда мен Қазақ хандығы заманында, қазіргі кезде де біздің сарбаздар Қазақстанның қауіпсіздігін қорғап келеді. Қазақ халқы ежелден өзінің адамгершілігі және ар-намысына адалдығымен танымал. Мемлекет басшысы атап өткен «Жаным – арымның садағасы» деген қағида бүгін де өзекті. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында жоғары моральдық рухты сақтау, заң мен тәртіпті құрметтеу, абыройлы және жауапты азамат болу маңызды. Тек ұйымшыл және тәртіпті қоғам ғана сыртқы қауіп-қатерлерге төтеп бере алады және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады. Ұлттық құндылықтарды ұстану және тарихи мұраға құрметпен қарау жаңа буынды қалыптастыру үшін негіз болып қалуға тиіс.
8. Қазақстан армиясының рөлі Мемлекет басшысы атап өткендей, қазақстандық армия ел Тәуелсіздігінің тірегі, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылықтың кепілі. Қазақстан армиясы ел аумағының тұтастығы мен азаматтардың қауіпсіздігін сенімді қорғап қана қоймай, БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатыса отырып, ел мүддесін халықаралық аренада абыроймен қорғап келеді. Қарулы Күштерді жаңғырту және әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауды нығайтуға бағытталған жаңа заң қабылдау мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше мән беретінін көрсетеді. Жоғары жауынгерлік рухты және темірдей тәртіпті армия – қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі.