ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңесшісі Рақымбек Жолаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қоғаммен байланыс даму департаментінің директоры, баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев Дулати университетіне ресми жұмыс сапарымен келді.
Сапардың мақсаты — университеттің ғылыми инфрақұрылымын, білім беру процесіндегі инновациялық әдістерін, және жастарды даярлау бағытындағы жаңа жобаларымен танысу.
Сапар бағдарламасына сәйкес, делегация алдымен Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалында болып, ондағы білім беру үдерісімен және бірлескен зерттеу жұмыстарының барысымен танысты. Аталған филиал — екіжақты академиялық ынтымақтастықтың айқын көрінісі.
Кейін қонақтар физико-химиялық зерттеулер орталығына барды. Бұл орталықта түрлі бағыттағы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханаларда ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Техникалық және өнеркәсіптік дизайнға негізделген Shoe center, Tex4Future және Design in textile зертханасы да делегация назарынан тыс қалмады. Мұнда студенттер мен жас ғалымдар киім және аяқ киім дизайны бойынша тың жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Сонымен қатар, Ақпараттық-аналитикалық деректер орталығы мен Интерактивті видео-студияның мүмкіндіктері көрсетілді. Бұл орталықтар университеттің цифрлық трансформацияға көшу жолындағы маңызды тетіктері саналады.
Университеттің мұнай-газ бағыты бойынша бейіндегі ғылыми-зерттеу зертханасында қонақтар инклюзивті білім беру, робототехника, цифрлық инжиниринг бағыттарындағы жобалармен танысты.
Бұл сапар — университеттің еліміздегі жетекші білім ордасы ретіндегі орнын нығайтып, халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.