Университет қабырғасында ардагерлер кеңесінің жылдық есеп беру жиыны өтті. Кездесуге университеттің ардагер профессор-оқытушылар құрамы және ардагерлер кеңесінің белсенділері қатысты.
Ардагерлер кеңесінің төреғасы, профессор, техника ғылымдарының докторы Сағатбек Мырзашев сөз алып, ардагерлердің есепті мерзімде атқарған жылдық іс-шараларымен, қоғамдық жұмыстарын таныстыру мақсатында баяндама жасады. Ардагерлер жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге ерекше үлес қосқанын және осы мақсатта университет басшылығынан барлық қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Қоғамдық, саяси, рухани, мәдени салаларының қай-қайсының өркен жаюына білек сыбана кірісіп, белсенділік танытып жүрген ардагерлер кеңесінің мүшелері екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы сайланды. Бұл қызметке «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева тағайындалды.
Жаңа төрайым, профессор Айгүл Қабиева сөз алып, өзіне көрсетілген сенім үшін алғысын білдірді. Алдағы уақытта да кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, қоғамдық, мәдени және рухани жиындарды одан әрі жандандыруға күш салатынын жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар Айгүл Қабиеваны құттықтап, Сағатбек Мырзашевқа осы күнге дейін атқарған еңбегі үшін ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, ардагерлер кеңесінің жұмысына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан университет басшылығына да алғыс айтылды. Кездесу алдағы уақытқа арналған жоспарларды талқылаумен қорытындыланды.