HUAWEI КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Университет қабырғасында Жобаларды басқару және цифрландыру орталығы мен Huawei компаниясы өкілдерінің ұйымдастыруымен дәстүрлі Roadshow жиыны өтті.

Жиынның мақсаты – ақпараттық технология бағытында білім алып жатқан студенттерге «Huawei ICT Competition» халықаралық олимпиадасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

«Huawei ICT Competition» халықаралық байқауы – АКТ саласындағы беделді білім беру платформаларының бірі. Ол студенттер арасында тәжірибе алмасуға, мәдени қарым-қатынасты дамытуға және цифрлық экономикаға үлес қосатын жас таланттарды қолдауға бағытталған.

Жиын барысында Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев сөз алып, ақпараттық технологиялар заманында жастардан батылдық, үздіксіз білім алу және өзін-өзі дамытуға табандылық талап етілетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті маман болып, ел дамуына үлес қосу үшін бүгіннен бастап белсенді болудың маңыздылығы жайлы сөз қозғап, жас буынға сәттілік тіледі.

Huawei компаниясының таланттарды дамыту бөлімінің менеджері С. Советхалықова студенттерге олимпиада туралы ақпарат беріп, арнайы презентация жасады. Ол өз сөзінде, «Huawei ICT Competition» байқауы тек Huawei ICT Academy студенттеріне ғана емес, жоғары оқу орындарында оқитын және қатысуға қызығушылық танытқан барлық жастар үшін ашық екенін атап өтті. Бұл ұлттық дода студенттерге білімін шыңдауға, идеялармен алмасуға, ІТ саласындағы теориялық және практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сонымен қатар, жаңа технологиялар мен заманауи платформаларды қолдана отырып, олардың инновациялық қабілеттерін арттыруға жол ашатынын айтты.

Айта кетейік, 2024 жылы Дулати университеті мен «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясының арасында ынтымақтастық жөнінде Меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум аясында университет қабырғасында «Huawei ICT Academy» кабинеті ашылып, студенттерге заманауи ІТ-курстардан өту, зертханалық тәжірибелерге қатысу және халықаралық сертификат алу мүмкіндігі жасалды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын  «Huawei ICT Competition» халықаралық байқауы студенттерге білімін сынап, үздік тәжірибемен алмасуға жол ашып, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуына ықпал етпек. Жиын соңында студенттер ұйымдастырушыларға пайдалы мәлімет пен жаңа мүмкіндіктер үшін алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.

хуа1111

ху4ва2222

хуа3333

 

Прочитано 135 раз
Top