М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау» орталығының ұйымдастыруымен «Өмір бойы оқу бағдарламаларына шақырамыз!» тақырыбында семинар өтті. Семинарға «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аналары қатысты.
Семинар мақсаты – қоғамда өмір бойы білім алу мәдениетін қалыптастыру, егде жастағы азаматтарды белсенді өмір салтына тарту және олардың әлеуетін дамытуға жағдай жасау.
Орталық басшысы Альбина Әбенқызы үздіксіз білім алудың маңыздылығына тоқталып, өмір бойы оқу тек жас ұрпаққа ғана емес, егде жастағы азаматтарға да қажет екенін атап өтті. Ол білім алу адамның ой-өрісін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын, ал заман талабына сай дағдыларды меңгеру кәсіби және жеке өмірде табысты болуға ықпал ететінін жеткізді.
«Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, «Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімдеу» орталығының бас маманы Сандуғаш Үсенова да бұл бастаманың қоғам үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Ол өмір бойы оқу бағдарламалары адамдарға өзін табуға, дамушы ортаға бейімделуге көмектесетінін және үлкен жастағы азаматтарға жаңа серпін беретінін тілге тиек етті.
Айта кетейік, 2021 жылдан бері Қазақстанда «Күміс университеті» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба аға буын өкілдерін оқытуға, олардың белсенді өмір салтын ұстануына және өзін-өзі дамытуына бағытталған халықаралық бастама болып табылады. Бүгінде еліміздің 32 жоғары оқу орнында 1500-ден астам тыңдаушы осы бағдарламаға қатысуда. Курстар сандық сауаттылық, шет тілдері, кәсіпкерлік, құқық, мәдениет, дін және дене белсенділігі секілді көптеген бағыттарды қамтиды.
Дулати университетінің «Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау» орталығы Жамбыл облысы мен Тараз қаласының тұрғындарын «Күміс университеті» бағдарламаларына белсенді түрде қатысуға шақырады.
Семинар соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.