Новости

АҚПАРАТТЫҚ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, киберқылмыстың алдын-алу шараларын насихаттау, қауіпсіздік бойынша сауаттылықты арттыру тақырыптарына арналған ақпараттық кездесу өтті. Ұйымдастыру комитеті: Жаратылыстану ғылымдары факультеті және Әлеуметтік жұмыс басқармасының Дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев.

Кездесуге Жамбыл облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетов және Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі жастар ресурстық орталығы кмм- сі маманы Дәурен Аралбеков қатысты.

Кездесу мақсаты – жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы түсініктерін кеңейту және экономикалық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған практикалық дағдыларды қалыптастыру.

Кездесу барысында мамандар өз бағыттары бойынша өзекті мәселелер мен алдын алу жолдарын түсіндірді. Жамбыл облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетов сөз алып, экономикалық қылмыстардың заманауи түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы ақпарат берді. Ал, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі жастар ресурстық орталығы кмм- сі маманы Дәурен Аралбеков интернеттегі алаяқтық схемалардың қалай анықталатыны және криминалистикалық зерттеулердің рөлі жайлы сөз қозғады.

Сонымен қатар, мамандар студенттерге тақырыпқа байланысты бейнеролик көрсетіп, киберқылмыстардың артып келе жатқан түрлері, олардың алдын алу әдістері және азаматтардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың өзектілігі туралы кеңінен түсіндірді. Білімгерлер цифрлық гигиена, дипфейктердің қауіптілігі және қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары жөнінде ақпарат алды. Әсіресе, жеке деректерді қорғау, күрделі құпиясөздер қолдану, екі факторлы аутентификация, фишингтен сақтану және онлайн-төлемдерді қауіпсіз жүргізу тақырыптары ерекше назарға алынды.

Кездесу соңында білімгерлер мамандармен еркін форматта пікір алмасып, қызықтырған сауалдарына жауап алды. Нәтижесінде, студенттер цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын түсініп, интернеттегі өз әрекеттеріне барынша жауапкершілікпен қарау қажеттігін ұғынды.