Новости

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «БОЛАШАҚ ПРОКУРОР КЕҢІСТІГІ» АШЫЛДЫ

Дулати университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау саласына арналған жаңа білім беру алаңы – «Болашақ прокурор кеңістігінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жоба жастарды құқық қорғау органдарында қызмет етуге баулып, әділдікті насихаттауға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Ашылу салтанатында ҚР Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс департаментінің Бас прокурордың аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев, Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күреңкей және Дулати университетінің Басқарма Төрағасы - Ректорының у.м.а Сейтжан Орынбаев лентаны қиып, жаңа алаңның ресми түрде ашылғанын жариялады.

ҚР Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс департаментінің Бас прокурордың аға көмекшісі Рүстем Серікханұлы құттықтау сөз алып, «Болашақ прокурор кеңістігі» студенттерге құқық қорғау органдарының қызметін ерте танып, кәсіби бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін жеткізді. Сонымен қатар, студенттердің құқықтық білімін тереңдету мен практикалық тәжірибе жинауға беретін нақты пайдасын ерекше ықыласпен сөз етті. Ал, Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары Азамат Жолдасбекұлы өз сөзінде жобаның өңір жастарын құқық қорғау саласына баулудағы маңыздылығын айтты. Ол университет пен прокуратура арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуы, жастардың кәсіби құзыреттерін арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатынын жеткізді.

Жиын барысында Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күреңкей және Дулати университетінің Басқарма Төрағасы - Ректорының у.м.а Сейтжан Орынбаев «Болашақ прокурор кеңістігінде» бірлесіп қызмет етуге бағытталған меморандумға қол қойды. Келісім шеңберінде тараптар алдағы уақытта студенттердің құқық қорғау саласында практикалық тәжірибе жинауына, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне және болашақ мамандар ретінде өздерін дамытуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастық аясында студенттер практикалық сабақтар мен тренингтерге қатысып, тәжірибеден білім алады.

Дулати университетінің Басқарма Төрағасы - Ректорының у.м.а Сейтжан Орынбаев құттықтау сөз алып, аталған жоба студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және болашақ білікті кадрлар даярлауға нақты серпін беретін маңызды бастама екенін жеткізді. Сонымен қатар, бұл бастама университет пен прокуратура арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісі екенін айтып, табысты жүзеге асуына сәттілік тіледі.

Ашылу рәсімінен кейін университет қабырғасында  арнайы ақпараттық сессия ұйымдастырылды. Студенттерге құқық қорғау органдарының академиясы мен жұмыс ерекшеліктері туралы бейнероликтер көрсетіліп, болашақ мамандарға арналған маңызды ақпараттар легі ұсынылды.

Басқосу соңында қонақтар мен студенттер жаңа білім алаңының ашылуына үлес қосқан ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.