Новости

Дулати университетінде кәсіби бағдар беру мәселелеріне арналған өңірлік семинар өтті

Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің басты басымдықтарының бірі – оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып, оның болашақ кәсіби бағытын саналы түрде таңдауына жағдай жасау. Осы маңызды міндет аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде мектеп оқушыларына кәсіби бағдар берудің тиімді жолдарын талқылауға арналған өңірлік семинар ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға Жамбыл облысының жалпы орта білім беретін мектептерінің кәсіби бағдар беру педагогтері, бейіндік оқытуға жауапты мамандар мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Семинардың басты мақсаты – кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, тәжірибе алмасу, әдістемелік қолдау көрсету және педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру.

Семинардың ашылуында қатысушыларды Жамбыл облысы әкімдігінің оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Нарегеева Агура құттықтап, кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.

Келесі сөз М.Х. Дулати университетінің Маркетинг және кәсіптік бағдарлау басқармасының басшысы Райкулов Қанатқа берілді. Ол өз баяндамасында университеттің талапкерлермен жұмыс жүргізудегі негізгі бағыттары мен кәсіби бағдар беру жүйесін таныстырды.

Сондай-ақ семинар жұмысына Тараз қаласындағы Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті филиалының атқарушы директоры Телеуова Салтанат Оразалиевна қатысып, екіжақты ынтымақтастық пен кәсіби бағдар берудегі тәжірибелермен бөлісті.

Семинардың негізгі бөлімінде мектеп педагогтері өз тәжірибелерін ортаға салды. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің кәсіби бағдар беру педагогі Кожагалиева Замира «Мектептен мамандыққа: оқушының кәсіби бағдарын саналы қалыптастыру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, кәсіби бағдардың мектеп кезеңінен басталуының маңызын жан-жақты түсіндірді.

Іс-шара барысында университет студенттері өнер көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл студенттердің тек білім мен ғылымда ғана емес, рухани-мәдени салада да белсенді екенін көрсетті.

Семинар соңында белсенді қатысқан баяндамашыларға М.Х. Дулати университеті атынан арнайы сертификаттар табысталды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар кәсіби бағдар беру – ел болашағы саналатын жастардың дұрыс таңдау жасауына бағытталған ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Осындай мазмұнды семинарлар педагогтердің тәжірибе алмасуына және кәсіби бағдар беру жұмыстарының сапасын арттыруға зор үлес қосатыны сөзсіз.