Новости

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР МЕН ЦИФРЛЫҚ РЕСУРСТАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Дулати университетіне AlmaU университетінің президенті, ректор Асылбек Қожахметов жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында су тазарту, экологиялық технологиялар, тоқыма өнеркәсібіне арналған инновациялық материалдар және өңірлік өндірістерге бағытталған ғылыми жобалар талқыланды. Сондай-ақ, Асылбек Қожахметов университеттің жетекші ғылыми орталықтары мен зертханаларымен танысты.

Ә.С.Ахметов атындағы «Наноинженерлік зерттеу әдістері» зертханасында инженерлік зерттеулер мен заманауи құрылғылардың мүмкіндіктері көрсетіліп, жобалардың даму барысы таныстырылды.

Сонымен қатар, білім беру процесінде қолданылатын интерактивті видеостудияға экскурсия жасалып, заманауи дәрістер мен цифрлық контент дайындау технологиялары көрсетілді. Кітапханалық-ақпараттық орталыққа бару барысында қонақтар оқу материалдары мен цифрлық ресурстарды пайдалану мүмкіндіктерімен танысты.

Сапар барысында «Су мен материалдарды тазарту» зертханасына ерекше көңіл бөлініп, өңірлік экологиялық мәселелерді шешуге арналған жобалар таныстырылды. Ғылыми жаңалықтардың практикалық маңызы мен қоғамға әсері атап өтілді.

ERASMUS+ жобасы аясында ашылған «Shoe center» орталығы мен Деректерді өңдеу орталығының жұмысына да назар аударылды. Бұл бастамалар халықаралық тәжірибені білім беру мен өндіріс процесіне енгізудің маңызды қадамы ретінде бағаланды.

Сонымен қатар, университеттің базасында ашылған Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы араланып, химиялық технологиялар мен материалтану саласындағы жаңа жобалар көрсетілді. Ғылыми зерттеулердің стратегиялық серіктестік аясында дамуы, жаңа материалдар мен технологияларды енгізудің маңыздылығы атап өтілді.

Сапар соңында тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жас зерттеушілерді қолдау, академиялық ұтқырлықты дамыту және білім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелерін талқылады.