Новости

ЖАЛАҢТӨС БАТЫРДЫҢ ТАРИХИ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

 М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Толық адам» залында «Жалаңтөс батыр – түркі халықтарының ортақ тұлғасы» атты шағын ғылыми конференция өтті.

 Іс-шара «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының «Мұрагер» үйірмесі аясында Идрисова Г.Б.-ның ұйымдастыруымен өткізілді. Конференцияға кафедра меңгерушісі Садыкова А.К. және Жамбыл облыстық «Әйтеке би» қорының өкілдері қатысты.

 Жиынға Философия және саясаттану кафедрасының доценті Р.Е. Джуншеев пен аға оқытушы Э.Ж. Куандыкова қатысып, баяндамалар бойынша өз пікірлерін білдірді.

 Іс-шараға Жамбыл облысы мен Тараз қаласының мектеп оқушылары және мұғалімдері, Жамбыл политехникалық колледжінің және басқа да колледждердің студенттері мен оқытушылары, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің тарих мамандығының 1–4 курс студенттері мен магистранттары қатысты. Қатысуға өтініш білдірген студенттер мен оқушылардың жалпы саны 40-қа жуық болды. Іріктелген 30 мақаланың авторлары өз зерттеулерін конференцияда қорғады.

 Конференцияның мақсаты – Жалаңтөс батырдың тарихи тұлғасын, түркі халықтарының ортақ тарихындағы орнын және тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, жастардың тарихи танымын кеңейтіп, ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету. Жиында батырдың өмірі мен қызметі, түркі халықтарының тарихи байланыстары және ортақ мұраны зерттеу мәселелері талқыланды.

 Іс-шара барысында «Тарих мұғалімін даярлау» мамандығының 4-курс студенттері, үйірме мүшелері Мирзакулова А.П., Абдуллаев Н.Н., Қалдыбек А. және Еркін Ұ. белсенділік көрсетті.

 Конференция қорытындысы бойынша мазмұнды баяндама жасаған қатысушыларға І, ІІ және ІІІ орындарға арналған жүлделі дипломдар берілді. Қалған қатысушылар сертификаттармен марапатталып, белсенділік танытқан ғылыми жетекшілерге алғыс хаттар табысталды.

 Сонымен қатар жеңімпаздар Жамбыл облыстық «Әйтеке би» қорының демеушілігімен Самарқанд және Ташкент қалаларына арнайы экскурсиялық турға жолдама жеңіп алды. Бұл сапар жастарға тарихи-мәдени орындарды аралап, түркі халықтарына ортақ мұрамен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.