Новости

ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН СҰХБАТ ӨТТІ

Университет қабырғасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Балам, заңнан аттама!» тақырыбында студенттер мен аналар кеңесінің қатысуымен сұхбат ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті, «Мәдениет және өнер» кафедрасы.

Басқосу мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы отбасылық және қоғамдық тәртіптің маңыздылығын түсіндіру.

Басқосуды Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева ашып, қазіргі күннің талабына сай үкімет тарапынан берілген тапсырмаларға,
заңның студент өміріндегі рөліне тоқталды. Өз сөзінде, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы, отбасылық және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау шаралары туралы кеңінен мәліметтер легін ұсынды.

Сұхбатты «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының» басшысы, Қ.Х.Ассамблеясы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Иниятқызы жүргізіп отырды.

Сұхбат барысында Қ.Х.Ассамблеясы жанындағы Республикалық және облыстық дүнген Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова «Барыңды бағала!» жобасы аясында вандализм мен қоғамдағы теріс әрекеттерге қарсы аналардың рөлі туралы тәжірибесімен бөлісті. Сара Манкизқызы өз практикасында ұйымдастырған іс-шаралар арқылы жастарды құқықтық және мәдени нормаларды сақтауға бағыттау жолдарымен бөлісті. Жамбыл облысы Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық–зомбылықтан қорғау және күрес бөлімінің басшы орынбасары Миясар Юсупова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистикалық деректер мен нақты қылмыстық істер жөнінде ақпарат берді. Ол қоғамдағы осындай жағдайларды алдын алу және отбасы ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, «Экономика және құқық» факультетінің ғылым жөніндегі декан орынбасары Ерлан Сарымбетов қазіргі қоғамдағы лудомания мәселесі мен оның жастарға әсері жөніндегі фактілермен бөлісті. Ол студенттерге қаржылық сауаттылықты арттыру және тәуелділіктің алдын алу маңызды екенін жеткізді.

Басқосу соңында «Мәдениет және өнер» кафедрасының талантты білімгерлері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған сахналық композициялық қойылымын ұсынды. Қойылым студенттерге мәдени-рухани тәрбие берумен қатар, ақын мұрасын насихаттауға бағытталды.

Аталған сұхбат арқылы студенттер құқықтық сауаттылығын арттырып, отбасылық құндылықтарды сақтау, қоғамдағы теріс құбылыстарға қарсы тұру және мәдениет пен өнер арқылы рухани дамуға ерекше мән беретіндігін көрсетті. Өз кезегінде, қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.