Бұл олимпиада Ресей Федерациясы Білім министрлігінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №649 бұйрығына сәйкес, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру мақсатындағы ресми жарыстар тізіміне енген. Биылғы додада 11 елден – Ресей, Беларусь, Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Түркия және Оңтүстік Кореядан келген 93 жоғары оқу орнынан 834 студент 128 команда құрамында бақ сынады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті студенттері бұл беделді білім бәйгесіне қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. «Қаржы және есеп» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сантай Тлеубаеваның жетекшілігімен «Кәсіпкерліктегі бухгалтерлік есеп, аудит және салық салу» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері: Виктория Чухно, Ангелина Цуман, Яна Рейценштейн, Аяулым Оразымбетова, Руслан Королев, Валерия Ли және Алина Лашкова қатысып, өз білімдері мен дағдыларын халықаралық деңгейде дәлелдеді.
Олимпиада аясында студенттер жеке сынақтан өтіп, 80 минут ішінде бухгалтерлік есеп пен аудит саласына қатысты тест сұрақтарына жауап берді. Бұл кезең тек білім мен логиканы ғана емес, жылдам шешім қабылдай білу қабілетін де талап етті.
Айта кетерлігі, университетіміздің студенті Яна Рейценштейн жеке есеп нәтижесі бойынша жүлделі ІІ орынды иеленіп, Тараз университетінің абыройын асқақтатты. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, ғылыми жетекшілер арнайы алғыс хаттарға ие болды.
Бұл – білім мен табандылықтың жемісі. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, оларға кәсіби шыңдалу мен жаңа белестерді бағындыру жолында толағай табыстар тілейміз!
Сонымен қатар, олимпиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырған Ресей халықтар достығы университетінің басшылығына, ұйымдастыру комитетіне және бухгалтерлік есеп, аудит және статистика кафедрасының ұжымына алғысымызды білдіреміз.