КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ АНА ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ, ҚҰРМЕТТЕУГЕ ТӘРБИЕЛЕУ

Тілден биік асқар жоқ,

тілден асқан байлық жоқ,

тілден терең теңіз жоқ

Ғабит Мүсірепов.

 

Адам өмірінің гүлденетін де, адам табиғатының сұлуланатын да  кезеңі – ол жастық кезеңі. Жастық шақта берілген білім мен тәрбиенің адам өмірінде маңызы өте зор. Білім мен тәрбиенің де неше түрі болады. Солардың ішінде оқушыларға, студенттерге көркем шығармалар арқылы көркемдік-эстетикалық білім мен тәрбие беру ол өз алдына бір әңгіме.  Сол себепті де жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру, оның көркемдік-эстетикалық талғамы мен мәдениетін,  тіл байлығын кеңейту, әдебиет арқылы туған елдің тарихын, ұлттық тілін білу қаншалықты игі міндет болса, соншалықты қиын әрі күрделі міндеттердің бірінен саналады. Осы аталған міндеттердің іске асуы оңай жұмыс емес.

 Әдебиеттану ғылымында жас ұрпақтың көркем туындыға,  шығармашылыққа деген қызығушылығын ашу, шығармашыллыққа баулу – аса күрделі мәселердің бірі деп еcептейміз.

Мысалы, ұлттық жаңа әдебиеттің қалыптасуында белгілі роль атқарған қазақтың белгілі жазушыларының шығармалары арқылы Қазақстандағы халық өмірінің елеулі кезеңдерін, өткен тарихымызды,  қазақ қоғамындағы әлеуметтік өзекті мәселелерді, халқымыздың ұлттық мінез-құлқындағы кейбір тек арнайы ұлтқа тән құбылыстарды жас ұрпақтың бойына сіңіре аламыз. Тағы да  халқымыздың танымал қаламгерлерінің көркем шығармалары арқылы  белгілі бір оқиғаның жалаң суреті ғана емес, халық тағдыры, адам жайлы толғаныстары, ұлттық психологияның көрінісін танып  білеміз. Міне, осы жоғарыда аталған құбылыстарды, ұлттық тарихымызды, ұлттық психологиялық көріністерді, ұлттық тілімізді, салт-дәстүрлерімізді, ұлттық таным мен санамызды танып білуге осы көркем шығармалардың тигізер пайдасы ұшан- теңіз деп санаймын.

Тілдің шынайылығы, құдіреттілігі, қадыр-қасиеті көркем шығарма тілінде ғана айшықталады. Әдебиет – сөз өнері.  Ал, тіл, сөз – ойды жеткізу, қарым-қатынастың құралы екені баршамызға аян. Ойды нақты, дұрыс әрі жүйелі жеткізу үшін тіл байлығы қажет. Тіл байлығы, шешен әрі көркем сөйлеу – бүгінгі таңда әрбір адам баласының қай-қайсына да аса қажет. Әдебиетті оқыту нәтижесінде білім алушы болашақ кәсібіне керекті құзіреттілік дағдыларының бәрін де меңгеруге мүмкіндік алады. Көркем шығарманы мазмұндық, идеялық, тәрбиелік, тілдік тұрғыдан талдау нәтижесінде оқырман оның маңызын бойына сіңіріп, қоғамның саналы азаматына айналады. Көркем шығарманы көп оқыған оқушылардың сөздік қоры баииды. Тілі жатық болады, әрі көркемдеп, кестелеп сөйлегеннен-ақ оның көркем шығарманы көп оқығанын байқау қиын емес. Қазақ тіліндегі көркем шығармаларды оқыған әрбір оқушы керек десеңіз қазақша ойлай да алады. ал, қазақша ойлау дегеніміз- ұлттық сананың жаңғыруы.  Қазағымыздың небір жазушы-ақындарының шығармаларын оқыған әрбір оқырман туған ана тілін сүймеуі мүмкін емес дүние гой. Себебі, көркем шығармалар жай тілі емес сұлу сөздерден тұрады. Ал, сұлулыққа қызықпайтын адам баласы жоқ шығар. Көркем шығармаларды оқытудағы негізгі мақсат – оқушылардың сөздік қорын, ауызша сөйлеу тілін және жазбаша сөйлеу тілін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру арқылы рухани дүниесін байыту. Көркем шығарманы оқу арқылы оқушы әдебиет пен қатар өміртану мәселесін меңгереді. Себебі, көркем шығарманың басты обьектісі- өмір. Олай болса көркем шығарманы көп оқыған әрбір оқушы дұрыс ұйымдастыру, басқару  шешімдерін таба алу және қолдана білу, адамдар арасындағы сенімділік, сыйластық, түсінушілік, бір-бірін тыңдау, этикет сақтау, дәстүрді білу, қайшылықты шеше алу, сынды қабылдау, қателігін түсіну, түзету сияқты қабілеттерін бойына жинақтайды.

Мысалы:  «... Абай поэзиясының ұлылығының бір сыры – адам танудағы болуы мүмкін қателесуден, яғни соның соқтықпалы салдарынан орынсыз опық жеуден, жазықсыз жапа шегуден сақтандырады! Бұл қызықтыру үшін айтылған қызыл сөз емес. Шындығында да Абай поэзиясының адамтану мен адамтанудағы рөлі бүгінгі таңда тіпті айрықша. Ол адамды әр түрлі қателесулерден сақтандыру арқылы бәрімізге де көл -көсір көмегін тигізіп келе жатқан ақындардың ақыны», – деген қоғам және мәдениет қайраткері Сағат Әшімбаев. Мұнда да көркем шығарма арқылы адам өмір сүруді үйренетіндігі туралы айтылған.

Сөз соңында айтарымыз, ауызекі сөйлеу тілі арқылы тіліміздің тазалығын сақтап қалу мүмкін емес екенін барша жұрт біле бермейді. Тіл тазалығының шынайы үлгісін көркем әдебиет қана сақтап қала алады. Сөздік қордың сырлы құндылықтарын сөйлететін де көркем шығарма екенін айтқымыз келеді. «Жоқтаушысы, қамқоршысы бар тіл – өміршең келеді» дейді. Олай болса, Тіліміздің мәртбесі өсіп, қолданыс аясы асқақтай берсін!

А.Ж.Нусупова, Филология және журналистика кафедрасының доценті

Прочитано 2834 раз
Top