ЖЕЛТОҚСАН КУӘГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

12 желтоқсан күні Философия және саясаттану кафедрасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында zoom платформасында «Желтоқсан оқиғасы және еліміздің Тәуелсіздігі» тақырыбына университет студенттерінің Желтоқсан куәгерлерімен кездесуі өткізілді.

Кездесуге қонақ ретінде шақырылған, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар: «Дене шынықтыру» кафедрасының аға оқытушысы Қамысбаева Жанар Қалабайқызы, Жамбыл ауданы, Шайқорық орта мектебінің мұғалімі Айнабекова Мейрамгүл Сейділдақызы, «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы Абдрахманова Айгүл Тұрсынбайқызы және «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы Махашов Бақытжан Маханұлы қатысты. Кездесуге сонымен қатар Экономика және құқық факультетінің оқытушылары, кураторлары мен студенттері және Технологиялық факультеттің, Ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникация, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің студенттері де қатысты. Кездесуді философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Баярисов Режеп Оразбайұлы жүргізіп отырды.  

Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан Режеп Оразбайұлы кездесуге қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік мейрамымен құттықтай отырып, сол тәуелсіздікке жету жолында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ерекше маңызы бар екендігіне тоқталып өтті. Сөз кезегін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан, ол кезде Алматыдағы Дене шынықтыру институтының студенті болған Жанар Қалабайқызына берді. Оқиға куәгері сол күндері өзінің және курстастарының Желтоқсан оқиғасына қалай қатысқандарын және қандай жәбір-жапа шеккендерін көзіне жас алып, тебірене отырып айтып берді. Жамбыл ауданындағы Шайқорық орта мектебінің мұғалімі Айнабекова Мейрамгүл Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Институты студенттерінің Желтоқсан оқиғасына қалай қатысқандарын және сол үшін оларға комсомол ұйымы мен құқық қорғау органдары тарапынан қалайша қысым жасалғанын, жасы үлкен ағалардың қыздарға араша түсіп, ақтап алмақ болған әрекеттерін толқи отырып, әсерлі етіп айтып берді. Кездесу қонағы Абдрахманова Айгүл де өз естелігімен бөлісті. «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы Махашов Бақытжан Желтоқсан оқиғасының тарихи және саяси маңызына қысқаша шолу жасап өтті.

Шынында да, Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының ұлттық сана-сезімінің оянуына орасан зор әсер етті. Сонымен қатар бұл оқиға бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы ұлттық республикалардағы тәуелсіздік алуға деген бетбұрыстың жасалуына тигізген ықпалы өте жоғары болды. Сондықтан да Желтоқсан оқиғасын Қазақстанның тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы, тәуелсіздіктің бастауы деп баға беруге болады.

Кездесуді жүргізуші сөз кезегін Отан, Желтоқсан жайлы өлең айтуға ниет білдірген студент жастарға берді. Журналистика мамандығының 3 курс студенті Ербол Елшатұлы тыңдаушыларға ақын Тыныштықбек Әбдіхакімұлының «Отаным» деген өлеңін оқыса, Журналистика мамандығының студенті Ақжол Дәулетхан Желтоқсан оқиғасына арналған «Желтоқсан желі» деген өлеңді оқыды.

 

Режеп Баярисов, Философия және саясаттану

                                 кафедрасының аға оқытушысы

Прочитано 1711 раз
Top