М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Браганса Технологиялық институты (IPB, Португалия) арасындағы қос дипломды білім беру бағдарламасы келісімі аясында «Химия және химиялық технология» кафедрасының магистранты Попов Николайдың «Removal of emerging pollutants from aqueous matrices» тақырыбында магистрлік диссертациясы қорғалғаны баршамызға мәлім. 2021 жылдың 31 наурызы Дулати университетінің ғылыми кеңесінде қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша алғаш түлегіміз - Попов Николай салтанатты түрде дипломын алып, «техника және технологиялар магистрі» дәрежесіне ие болды.
Естеріңізге сала кетсек, магистрлік жұмыс ағынды суларды тазалау үшін қолданылатын тиімді адсорбенттерді құруға арналған. Бұл еліміздегі және жаһандық су тапшылығы мен оны тазарту мәселелерін шешудегі маңызы зор ғылыми-зерттеу жұмысы екені сөзсіз. Дулати университеті мен IPB арасындағы қос дипломды білім беру бағдарламасының жетекшілері профессор Helder Teixeira Gomes, профессор Бакытгуль Кабыкеновна Масалимова бағдарламаның ары қарай да жалғасын тауып, ғылымға құштар жастардың еңбектері молая түсетініне сенім білдірді.
Г.Б.Мадимарова
«Химия және химиялық технология»
кафедрасының оқытушысы