23-сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні. Осыған орай Дулати университетінің Кітапханалық-ақпараттық орталығы «Цифрлық ортадағы университет кітапханасы: ресурстар, технологиялар және қызметтер» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара баспалардың кітап-көрме жәрмеңкесімен басталды. Oxford University, Эпиграф, Академия,Альманах, Евразия пресс баспалары көрмеге түрлі жанр, бағыттағы әдебиеттерді оқырман назарына ұсынды. Университет оқытушылары жаңа білім бағдарламаларына қажетті әдебиеттерді тауып, электронды түрде де алуға мүмкіндікке ие болды. Әр баспаның өкілі жұмыстарының бағыт-бағдарын, кітап қоры мен қалай келісімшартқа отырып, бірге жұмыс істеуге болатыны туралы ақпарат берді.
Іс-шараның келесі бөлімі «Артық білім кітапта...» тақырыбындағы ашық әңгімемен жалғасты. Ашық әңгімені «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бас маманы Балмира Мырзабаева жүргізіп отырды. Студенттер мен оқытушылар «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ақын, Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Хамит Есаманмен және облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім редакторы, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Табиғат Абаилдаевпен кездесті. Қонақтар кітап құндылығы, оқудың қажеттілігі, ой мен сана қозғаушысы ретінде кітаптың маңыздылығы туралы салмақты ойларын ортаға салды. Сондай-ақ бүгінгі күні кітап оқитын оқырманның аздығы, оның себеп-салдары мен жағдайды өзгертуге қалай ықпал етуге болатыны туралы әңгіме, ой-пікір айтылды. Ақындар өз әңгімелеріне соңғы жылдары жарық көрген шығармаларды арқау етіп, студент жастарға оқуға кеңес берді. Ашық әңгімеде студенттер сұрақтарын қойып, ойларын білдіріп отырды. Кездесу соңында қонақтар өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Табиғат Абаилдаев өзінің жуырда жарық көрген «Миллениум» жыр жинағын кітапханаға тарту етті. Орталық директоры Гүлжан Жеңісбекқызы қонақтарға алғыс білдіріп, университет ұжымы атынан кітап сыйлады.
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған іс-шаралар легі ZOOM платформасы арқылы өткен вебинармен жалғасын тапты. «Индекстелген журналға ғылыми мақаланы қалай жариялап, танымал авторға айналуға болады?» тақырыбындағы вебинарды Орталық Азия мен Әзірбайжан бойынша кеңесші Рабиға Хожамқұл жүргізді.
Медиа-қызмет