ЕЛ ЖАСТАРЫ ЕЛДІГІМІЗДІ МАҚТАН ЕТУІ КЕРЕК

Елімізде болған жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан әкімшілік ғимараттар бүлініп, кәсіпкерлік нысандар тоналды. Бұл, бірінші кезекте, бейбіт шеруге шыққан халықтың емес, арнайы дайындықтан өткен, алдын ала тыңғылықты жоспар құрған арам пейілді үшінші тараптың ұйымдастыруымен жасалып отырған әрекет екенін анық аңғартып отыр. Аталған содырлық шабуыл тек мемлекет билігіне емес, жалпы Қазақстан халқына қарсы жасалған қылмыс деп білемін.

Осыған орай, барша замандастарым мен  құрбы-құрдастарыма арандатушылардың сөзіне ермей, төтенше жағдай талаптарына бағынуға және жалпы заңға қарсы әрекет жасамауға шақырамын. Қазіргі жағдайдағыдай сын сағатта тек ұлт ретіне ұйыссақ қана еліміздің конституциялық құрылымын бұзуға бағытталған лаңкестерге тойтарыс беріп, қайта бейбіт тіршілікке ораламыз.

Мемлекетіміз біз секілді жастардың, студенттердің дамыған елдердегідей озық білім алуға жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар кедергісіз жұмысқа орналасып, алаңсыз еңбек етуге де мүмкіндік мол. Сол себепті арам пейілді қылмыскерлердің айтқанына еріп, айдауына ілігіп кетпей, Тәуелсіздігін тәңірдің берген тәтті сыйы деп білетін тыныш заманымызға қайта қол жеткізейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Ақарыс ӘУЕСХАН,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің белсенді студенті

Прочитано 1009 раз
Top