«Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезінде партия Төрағасы болып сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» – еліміздің ең негізгі саяси күші екенін атап өтті. Жалпы бұл – мемлекетіміздің саяси-институционалдық жүйесінде өзіндік орны бар партия. Сондықтан артылар сенім жүгі қай кезде болмасын салмақты.
Ендігі мәселе – сенімнің үдесінен шыға білуде жатыр. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақиқатқа тура қарап, орындалмайтын уәде бермеу керектігін ескерткені, партия мүшелеріне Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуын түбегейлі қадағалауды тапсырғаны да, сондықтан. «Қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет. Осы ретте, азаматтық қоғам институттарына зор міндет жүктеледі. Әсіресе, саяси партиялар айрықша рөл атқарады», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру кезеңінде «Nur Otan» алда жүруі керек екенін атап өтті. Партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысуын күшейтуді, қоғамдық қабылдаулар қызметін жандандыруды тапсырды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиясын жаңа мазмұнда толықтыру – өзекті екенін айтты. Сондай-ақ партияның «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын сапалы түрде күшейту қажет деді.
Партияның жастар қанаты жастар арасында әлеуетті күшке ие екені, рас. Елімізде «Jas Otan» қатарына 100 мыңнан астам жастар енген. Бірақ, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, осы ресурс лайықты қолданылмай отыр. Ал ол үшін «Jas Otan» қатарына пайдалы қоғамдық қызметпен айналысуға дайын, жастар арасында сенімге ие көшбасшыларды тарту керек.
Жалпы, «Nur Otan» шын мәнісінде мемлекетшілдер партиясына айналмайынша нақты нәтиже болмайтыны айдан анық. Партияның Саяси кеңесінің жаңа құрамына енген «Nur Otan» мүшесі ретінде айтарым, партия Төрағасының: «Ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс» деген сөзі – осы ұйымның қатарындағы әрбір азаматты ойландыруы тиіс. Бұл, әсіресе, кеңес мүшелерінің басты ұстанымына айналуы керек. Мемлекетіміздің барлық бастамалары елімізді өркендетуге, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналғанын ұмытпағанымыз жөн.
Талғат Ешенқұлов,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы- ректоры,
«Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің мүшесі.