ДУЛАТИ ЖАСТАРЫ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Жастардың мұқалмас ерік-жігерінің өзі – қоғам үшін үлкен күш. Ал олардың аймақта, елдегі мәселелерге деген алаңдаушылық танытуы – сананың ашықтығын көрсетеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі студенттермен өткен кездесуге осылай деп баға берген Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген қазіргі жас буынның ой-өрісі кең екенін атап өтті.

Кездесуде университет ректоры Талғат Ешенқұлов Дулати жастарының қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамайтын белсенді екендіктерін атап өтті. Жаңа инновациялық жобалар жасап, гранттар ұтып алып жатқан талапшыл жастар барын тілге тиек етті. Бүгінгі кездесуден студенттердің алған білімін өмір жолында тәжірибе ретінде ұштастыратындай серпін алатынына сенім білдірді.

Халық қалаулысы Мейрамбек Мылтықбайұлы жастарға қазіргі қоғамдағы қалыптасқан көзқарастар қайшылығы туралы әңгімеледі. Ақпараттар ағыны екшеусіз, өлшеусіз жүріп жатқан кезеңде сананың ашықтығын сақтау, өз ұстанымыңда қалудың қаншалықты маңызды екенін айтып өтті.

«Адамды адастырмайтын нәрсе – білім. Білімді ұрпақ қоғамды алға жетелейді. Ал қоғамды өзгертетін – белгілі бір оқиғалар емес, әр адамның ісі мен әрекеті. Ол адамның жеке мәдениеті, құқықтық сауаттылығы, білімі мен тәртіп-тәрбиесі», - деді Мейрамбек Төлепберген. Мәжіліс депутаты Қаңтар оқиғасындағы басбұзарлардың әрекеті қаншама адамға қасірет әкелгенін әңгімеледі.

2

Ашық форматта өткен кездесуде Дулати жастары депутатқа өздерін толғандырған мәселелерді айтып, сұрақ қойды. Ербол Тілепбаев Таразға келіп, білім алып жатқан шетелдік студенттерге қосымша жұмыс істеуге рұқсат берілмейтінін, рәсімделген виза бойынша оқудан басқа еңбек етіп, табыс табуына мүмкіндігі жоғын сөз етті. Осы мәселені тиісті деңгейде көтеріп, шешуге ықпал етуді сұрады. Мейрамбек Мылтықбайұлы осыған қатысты депутаттық сауал жолдап, жауабын хабарласып айтатынын жеткізді.

Жасұлан Дүйсени студенттік кәсіпкерлігі мәселесі туралы сөз қозғап, бизнеспен айналысамын деген жастар үшін мекеме мен жерді жалға алуда жеңілдіктер қарастырылса деген өтініш айтты. Маржан Төлеген білімді жастардың шетелге кетіп қалатынын айтып, депуттаттың осы мәселеге қатысты пікірін сұрады.

4

Жалпы жастардың кәсіпкерлікпен айналысуға ұмтылысының тиімді жағы көп. Соның негізгісі – студенттердің бос уақытын іске арнайтыны. Дулати университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов дамыған елдерде студенттік кәсіпкерлікке баса көңіл бөлініп, тиісті қолдаулар көрсетіліп отыратынын алға тартты. «Мәселен, студенттерге жоғары білім алып жүріп бизнеспен айналысуға мүмкіндік берілсе, олар өз идеясын жүзеге асыру үшін қандай кедергілер кездесуі мүмкін екенін іс-жүзінде көреді. Қай салаға қаржы салса, оның қайтымы болатынын, қандай жағдайда шығынға ұшырайтынын білетін болады. Осыдан кейін оқу бітіріп, қолға диплом алғанда ары қарай кәсіпкерлікпен айналысу қажет пе, жоқ па, өзі ішкі шешімін қабылдайды. Біз де осы тәжірибені пайдаланып, жастарға мүмкіндік берудің жолын қарастыруымыз қажет», - деді Талғат Ілиясұлы.

Кездесу соңында жастар Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепбергенмен естелік суретке түсті.

3

Дулати университетінің
медиа-қызметі

Прочитано 1108 раз
Top